Кеше 2026, 20:50 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артем Чурсинов

Атырауда такси жүргізушісі жолаушыны пышақтап кетті

Жанжал төбелеске ұласып, жолаушы пышақ жарақатын алды.

Атырау теміржол вокзалында такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы сөзге келіспеушілік пышақтасумен аяқталды. Оқиғаға өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, екі ер адам арасында жанжал туындап, ол тез арада төбелеске ұласқан. Төбелес барысында қалааралық такси жүргізушісі суық қару қолданып, жолаушыны пышақтап жаралаған.

Жарақат алған адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Оның қазіргі жағдайы туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Оқиғаға Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, төбелес болғанын растады және аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Атырауда такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал фактісі бойынша "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп мәлімдеді ДП баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы елді дүрліктірген қанды қылмысқа қатысты тың ақпаратты жариялаған болатынбыз.