Атырауда тағы 10 спорт кешені қолданысқа беріледі
Атырау облысында жыл соңына дейін 10 спорт кешені қолданысқа беріледі. Президент тапсырмасына сай құрылысы 2022 жылы қолға алынып, тапсырылған нысандардың жалпы саны 25-ке жетеді. Бұл туралы Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов мәлімдеді. Маман спортқа бейім дарынды балалар мен оларға көрсетілетін қолдау жайында да айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2022 жылдан бері облыста 12 спорт кешені қолданысқа берілген. Оның дені ауылдық жерлерде. Қалған мекемелердің құрылысы жүріп жатыр. 10 кешен 2025 жылдың соңына дейін тұрғындар игілігіне беріледі.
Сондай-ақ облыста халықаралық жарыстарды өткізу мақсатында, сайыстарға дайындықты күшейту мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Мәселен, бүгінде орталық стадионның жобалық сметалық құжаты жасалып жатыр. Ал ұлттық спортпен шұғылданатын спортшыларды нысанмен қамту үшін ипподром салу жоспарда. Өңірде ескек есуге қызығатындар да аз емес. Ол спортшыларға жағдай жасау үшін байдарка орталығын жаңғыртып, құрылысын жүргізу қолға алынбақшы. Қазір жобасы жасалып жатыр. Сараптамадан оң қорытындысын алып, қаржы бөлінсе, құрылысы басталады екен. Аймақта дарынды балалардың спортпен алаңдамай шұғылдануы үшін де жағдай жасалып, бірқатар шаралар қолға алынған. Атырау облысы әкімдігінің тарапынан арнайы төлемдер де қарастырылған. Бүгінде ондай көмекті 30 спорт түрі бойынша 120 спортшы мен 52 жаттықтырушы алады. Ай сайынғы төлем спортшылардың жеткен жетістігі мен көрсеткен нәтижесіне сай төленеді. Қазір бұл төлемдердің көлемін арттыру бойынша мәселе қаралып жатқан көрінеді. Егер жаңа қаулы қабылданса, төленетін қаржы мөлшері едәуір артады.
Сала бойынша ең басты мақсатымыз олимпиадалық спорт түрлерін дамыту. Балалар мен жасөспірімдерлі олимпиадалық спорт түрлеріне тартып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындау. Осы мақсатта спорт мектептеріне 22 олимпиадалық және онда 15 мыңға жуық бала шұғылдануда. Қатысушылардың басым көпшілігі дзюдо, волейбол, бокс, еркін күрес, таэквондо сынды спорт түрлерімен шұғылданады. Соңғы жылда 3 жаңа бөлімше ашылды. Ол семсерлесу спорт түрі, қазіргі заманғы бес сайыс академиялық есу бөлімшелері ашылды. Ондағы балалар болашағынан үлкен үміт күттіреді,- дейді Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов.
Өңірде мектепті аяқтағаннан кейін, дене шынықтыру мамандығына түсемін дейтіндерге әкімнің білім гранттары да бөлінеді. Соңғы жылдары ол гранттар тұрақты түрде бөлінеді. Ал балалар спортын дамыту мақсатында жұмыс істейтін 31 спорт мектебі бар. Ондағы спортшылар саны жыл сайын артып келеді.
Бүгінде ол спорт мектептерінде 20 358 бала бар. Спорт мектептерінің 9-ы Атырау қаласында, қалған 22-сі облысқа қарасты аудандарға орналасқан. Жалпы облыста басқармаға қарасты 41 ұйым жұмыс атқарады. Олардың 31-і балалар және жасөспірімдер спорт мектептері. Бір мамандандырылған спорт мектебі бар. 2 жоғарғы спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадалық резерв даярлау орталығы бар. Сондай-ақ, 1 олимпиадалық резервтердің мамандандырылған облыстық балалар мектеп-интернаты бар дарынды балаларға арналған. 5 спорттық клубымыз бар. Онда футбол, хоккей, бокс спорт түрлері клубтары және мүгедек спорт клубы бар. Барлық аталған спорттық ұйымдағы секциялар тегін екенін атап өткім келеді,- дейді Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов.
Облыс орталығында 2023 жылы олимпиадалық резервке дайындайтын мамандандырылған интернат колледжі ашылған. Бұл мекемеде олимпиадалық 4 спорт түрі дамытылуда. Бокс, таэквондо, дзюдо, еркін күрес. Шұғылданушылар саны 200. Балалар мен мұғалімдер облыстың барлық аудандары мен ауылдардан іріктеліп, арнайы сынақ тапсырған.
Ал олимпиадалық резервке дайындайтын арнайы орталықта 12 спорт түрі бар. Бүгінде 200 спортшы дайындалып жатыр. Бұл орталыққа облыстың және ұлттық құрама сапына кірген спортшылар ғана қабылданады. Былтыр орталықтағы 53 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына енді. Спортшыларды біліктілігі жоғары 27 жаттықтырушы дайындауда.