Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы кеңсе ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аталмыш кеңсе  - өткен  жылы еліміздегі  жемқорлық деңгейі жоғары университеттер арасында (“Jas Otan” нұсқасы б/ша)  2-ші орын алған С.Өтебаев атындағы Атырау  мұнай және газ университетінің жанынан құрылды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық штабтың басшысы Олжас Сүлейменнің айтуынша,  мұндай кеңсе - Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, деп жазады Өңірлік  коммуникациялар қызметі.
Осы үшінде Атырау мұнай және газ университетіне алғысымызды білдіреміз.  Өйткені, кеңсе дәл осы білім ордасында орналасқан. Біз алдағы уақытта барлық жұмыстарды облыс көлемінде атқаратын боламыз.  Басты міндет - сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мемлекеттік органдар мен  жастарға насихаттау, халық арасында мәдени тұтастықты қалыптастыру.  Штаб құрамына өңірдің қоғамдық пікір көшбасшылары,  блогерлер мен аймақ ақсақалдары кіреді, - дейді Олжас Сүлеймен. 

Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаевтың айтуынша, «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесі - облыс әкімдігі мен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында жасалған келісім негізінде ашылған.  Мұнда азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
 “Transparency International” халықаралық ұйымының мәліметіне сәйкес,  сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі рейтингісінде Қазақстан - 2019 жылдың аяғында 180 елдің ішінде 113 орынға және Орталық Азия елдері арасында 1 орынға ие болған.  2018 жылы  124-ші  орынды иеленген болатынбыз. Тоғыз позицияға жоғары көтерілуіміз - бір  жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысының орынбасары Бауыржан Дәулетиярұлы. 

Арнайы мониторингтік топ пен «Атырау-Адалдық алаңы » жобалық кеңсесі жұмысының нәтижесіне бағытталған шара барысында  С.Өтебаев атындағы Мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова жиынның маңыздылығын атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық -   қоғамдық өзгерістердің жүзеге асуына кедергі келтіріп,  адамдардың заңға және әділдіктің барына сенімін  жоғалтады. Ал, университетіміздің  сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейімен рейтингке енуі  алаңдаушылық тудыруда. Сондықтан, біздегі басты міндет - жемқорлық жағдайын туындатпауға жағдай жасау.  Кеңсенің Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен   университетімізде ашылғандығын бізге артылған сенім деп қабылдаймыз, - деді ол. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы