Атырауда стратегиялық нысандарды сақтап қалу үшін қорғаныс бондар орнатылуда
Орнатылып жатқан бондар толқынның күшін әлсіретеді. Бонның алғашқы партиясы Алмалы елдімекенінде орнатылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қатты ағынмен келе жатқан судың толқыны жарды жеп, бөгеттерді бұзып кетпеуі керек. Алмалымен бірге, Бесікті, Талғайраң, Дамбы сияқты ауылдардың жағаларын қорғауымыз қажет. Бондар негізінен мұнай қалдықтарын жинауға қолданылады. Қазіргі уақытта біз бондарды стратегиялық нысан - су беру стансаларын қорғап қалу мақсатында өзеннің бетіне орнатып жатырмыз. Бонндар мұнай компаниясынан алынуда. Бүгінгі таңда Ақтау қаласындағы резервтердің барлығы Атырауды тасқыннан сақтап қалу үшін пайдаланылып жатыр, - деді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Джумашев.
Еске сала кетсек, Атырау қаласында Жайық жағалауын бекіту жұмыстары 112 учаскеде жүргізілуде.
20 сәуір күнгі мәлімет бойынша Жайық жағалауының 199 шақырымына бөгет тұрғызылды. Жоспар бойынша Жайық өзені жағалауының 237,6 шақырымына бөгет орнатылуы қажет.