Бүгiн 2026, 00:40 Фото: Ұйымдастырушылардан

Атырауда «ШеберFEST-2026» фестивалінде 4000-нан астам авторлық туынды ұсынылды

Фестивальге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 100-ге жуық сәндік-қолданбалы өнер шебері қатысуда. Олар киізден жасалған бұйымдар мен зергерлік әшекейлерден бастап, ағаш ою, ұлт аспаптары, тоқыма және этнодизайн бағытындағы 4000-ға жуық авторлық еңбегін көпшілік назарына ұсынды.

Атырауда қолөнершілердің халықаралық «ШеберFEST-2026» фестивалі басталды. Сұлтан Бейбарыс алаңында киіз үй үлгісіндегі тақырыптық аймақтар ұйымдастырылып, нағыз шеберлер шаһарына айналды.

Фестивальге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 100-ге жуық сәндік-қолданбалы өнер шебері қатысуда. Олар киізден жасалған бұйымдар мен зергерлік әшекейлерден бастап, ағаш ою, ұлт аспаптары, тоқыма және этнодизайн бағытындағы 4000-ға жуық авторлық еңбегін көпшілік назарына ұсынды.

Мерекеге қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов көрмені аралап, ұлттық қолөнерді сақтау мен дәріптеудің маңызын атап өтті.

Халық қолөнері – ұлттың жаны мен болмысын айқындайтын асыл мұра. Одан ата-бабадан рухани құндылықтар көрініс табады. Атырау өңірі – тарихы терең, мәдениеті бай аймақ. Халық шеберлерін қолдап, ұлттық өнерді жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға арналған халықаралық деңгейдегі фестивальдің біздің өлкемізде өтуі —  аймақтың мәдени өміріндегі елеулі оқиға, – деді С. Шәпкенов.

Ұлттық мереке рухын этно-дефиле, дәстүрлі тағамдар көрмесі мен қазақтың ұлттық ойындары одан әрі айшықтай түсті.

Фестиваль жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасады. Кештің басты қонағы – қазақстандық әнші BAYANSULU.

ШеберFEST-2026» халықаралық қолөнершілер фестивалі 23 мамыр күні де мазмұнды бағдарламалармен жалғасады. Фестиваль қонақтарын этножәрмеңке, шеберлермен еркін сұхбат, ұлттық қолөнер түрлерінен шеберлік сағаттары күтеді. Киіз басу, алаша тоқу, зергерлік бұйым жасау, қыш құмыра дайындау, ағаш және тері өңдеу өнері көпшілікке таныстырылып, әр бұйымның тарихы мен ерекшелігі баяндалады. Ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптейтін ерекше іс-шара Сұлтан Бейбарыс алаңында өтеді.