Атырауда сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беріп үлгерді
Атырау, BAQ.KZ тілшісі . Атырау обылысында 52 кандидаттың 24-і саяси партиялардың атынан тіркелген. Ал 28-і өзін-өзі ұсынғандар.18 округтегі сайлаушылардың жалпы саны 44 мыңнан асады. Оның 50 пайызға жуығы өзі түске дейін дауыс беріп үлгерген.
Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылдық округінің әкіміне үміткер ретінде тіркелген кандидаттардың саны үшеу .Олардың бірі өзін-өзі ұсынған болса, қалған екеуі «Нұр отан» және «Ауыл» партиясының мүшесі. Ауылда 2 мыңға жуық сайлаушы бар. Ал денсаулық жағдайына байланысты келе алмайтын 38 тұрғын үйден дауыс береді.
Бақ шаба ма, бап шаба ма, көрейік. Таңдау елдің еркінде деген соң келдік. Даусымызды бердік. Мұндай сайлау ел тарихында болған жоқ. Халыққа бастысы елге қызмет ететін әкім керек,-дейді Дамбы ауылының тұрғыны Сұлушаш Құбиева.
Қалаға қарасты тағы бір әкім сайлауы өтетін ауылдың бірі - Қайыршақты. 3 мыңға жуық сайлаушысы бар бұл округте 2 кандидат тіркелген.
Ауыл тұрғындары өзі қалаған әкімін сайлау арқылы мемлкеттік қызметкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатады деп ойлаймын. Бізге осы ауылды жақсы білетін, мәселесіне қанық, жергілікті жердің адамы болғаны дұрыс. Сондықтан сол адамға дауыс беруге келдік,-дейді Қайыршақты ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Бектенов.
Атырау облысы Индер ауданы бойынша Жарсуат және Көктоғай ауылдық округтерінде 3252 сайлаушы тіркелген.
Сайлау учаскесі барлық санитарлық талаптарға сай. 14 сайлаушымыз биыл ең алғаш дауыс береді. Олар 2003 жылы туылған жас түлектер. Сайлауға келе алмайтын мүгедектер саны -11. Оларға жылжылмалы дауыс беру жәшігі апарылады,-дейді Индер ауданындағы №118 сайлау учаскесінің төрағасы Бибігүл Арзаханова.
Бүгін ауыл үшін үлкен саяси оқиға. Мемлекет басшысы «Жаңа замандағы Қазақстан-іс қимыл кезеңі атты Жолдауын жолдаған болатын. Жолдауға сәйкес өзін-өзі басқару реформалары жүргізіліп жатыр. Ауыл тұрғыны ретінде өз таңдауымды жасадым. Осы арқылы біздер халық пен биліктің арасындағы байланыс нығая түседі деп есептеймін,-дейді Индер ауданының тұрғыны Ақмарал Габдуллина.
Атырау облысында ауыл әкіміне үміткерлердің көпшілігі мұғалімдер мен бюджеттік сала қызметкерлері. Кандидаттардың 19-ы әйел болса, қалған 71 пайызы ер адам.