12 Тамыз 2026, 20:00 Фото: respublica-partiyasy.kz

Атырауда Respublica кәсіпкерлер мен еңбек адамдарының мәселелерін талқылады

Атырау облысында Respublica партиясының сайлауалды штабы кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті қолдау, жастардың, еңбек адамдарының және әлеуметтік саланың мәселелерін талқылады. Штаб мүшелері бірқатар кәсіпорындарға барып, басшыларымен және еңбек ұжымдарымен кездесті.

«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның Атырау филиалындағы кездесуде өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі көтерілді. Құрылтай депутаттығына кандидат Тахмина Нағұманова Атырау мұнайлы өңір болғанымен, мұнда өзге де салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар көп екенін атап өтті.

«Ең бастысы – жоғары ақы төленетін салаларда жұмыс істемейтін адамдардың да әл-ауқатын қамтамасыз ету. Respublica әрбір кәсіпкердің, әрбір еңбек адамының мүддесін қорғайды», – деді Тахмина Нағұманова.

Штаб өкілдері «ArtEco» өндіріс орнының ұжымымен кездесіп, жастардың қоғамдық және саяси үдерістерге қатысуы мәселесін талқылады. Кәсіпорынның жас мамандары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Партияның жастар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Тоқтар Болысов жастардың ұсыныстары нақты бастамаға айналуы маңызды екенін айтты.

Ал «Дәулет Нан» ЖШС ұжымымен кездесуде отандық өндірісті қолдау, білім беру, баспана, әскери қызмет және медицина мәселелері сөз болды. Қызметкерлер жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының өсуіне және жастар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігіне қатысты сұрақтарын қойды.

Нұргүл Тау студенттердің баспанамен қамтылуы мәселесіне тоқталып, партия ұсынған UniDorm 2.0 платформасы туралы айтты. Пилоттық жобаға 120-дан астам жатақхана, шамамен 25 мың студент және 50 қала қамтылған.

Кездесулердің бірінде Newtech Systems Group қызметкерлері Атырау мен Орал арасындағы жолдың жағдайын, электр қуатының тұрақтылығын және зейнет жасына қатысты мәселелерді көтерді. Қатысушылар зейнетке шығу жасын қазіргі деңгейде сақтау туралы ұсынысын білдірді.

Партия өкілдері сондай-ақ «Айдана Агро» шаруашылығына барып, заманауи технологиялар арқылы көкөніс өндіру жобасымен танысты.

Кездесулер барысында партия өкілдері ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті кеңейту, медициналық көмектің қолжетімділігі және жастарды қолдау мәселелерін талқылады.