Атырауда қыстақтарға жарық шағылыстыратын баулар таратылды
Бұл баулар түнгі уақытта жүргізушілерге жол бойындағы малды алыстан байқауға мүмкіндік береді.
Атырау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тасжол маңындағы мал шаруашылығы қожалықтарына жарық шағылыстыратын баулар таратылды.
Облыстық полиция департаментінің бастамасымен мамандар Мақат ауданы аумағындағы Доссор – Құлсары республикалық автожолына жақын орналасқан қыстақтарды аралап, шаруашылық иелеріне 1000-ға жуық арнайы бау табыстады.
Жарық шағылыстыратын баулар ірі қараның мойнына тағылып, түнгі уақытта жүргізушілерге жол бойындағы малды алыстан байқауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мал иелеріне төрт түлікті қараусыз жібермеу және жол қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шараның негізгі мақсаты – малдың автожолға шығуына жол бермеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.