Атырауда құтқарушылар мұз астына түсіп кеткен адамды құтқарып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін сағат 12:20-да Атырау облысы ТЖД "ӨС және АҚЖҚ" ММ Жедел құтқару жасағына ер адам мұзға батып кеткендігі жөнінде қоңырау түсті. Оқыс оқиға Алиев көпірі тұсында орын алған. Бұл туралы ҚР ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.


Азамат (жасы 40 шамасында) жұқа мұз үстімен өтпекші болған. Жарты жолға келгенде мұз ойылып, ер адам мұз астына түсіп кеткен.

Құтқарушылар Аскар Хамит, Арман Сарсенбаев, Ринат Айбеков сағат 12:21де (қоңырау түскеннен кейін 1 минут аралығында) оқиға орнына жетіп, құтқару операцияларына кірісті. Бас құтқарушы Ринат Айбеков Александров түйіні арқылы мұздың ойылған жеріне дейін жетіп, жедел түрде ер адамды шығарып алды. Ал құтқарушылар Аскар Хамит пен Арман Сарсенбаев арқанды тарту үшін команданы күтіп, жағада қалды. Ер адам суық судың әсерінен қатты әлсіреп қалған, сөйлеуге жағдайы болмады. Құтқарушылар зардап шегушіні жедел жәрдем бригадаларына тапсырды, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, құтқарушылар күн сайын профилактикалық іс-шаралар өткізіп, жұқа мұз үстімен жүру өте қауіпті екенін ескертуде. Бүгінгі күні Жайық өзеніндегі мұздың қалыңдығы 4-6 см.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы