Атырау қаласында қоқыс полигонында болған өрт толықтай сөндірілді. Өрттің аумағы шамамен 2500 шаршы метрді құрады. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төнген жоқ, деп хабарлайды
BAQ.KZ.
Атырау облысының жедел қызметтері өртті толықтай жойып, оның полигон аумағынан тыс таралуына жол бермеді.
Өрт қалай сөндірілді
Өртті сөндіруге 35 техника мен 65 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және «СпецАвтоБаза» ЖШС жұмысшылары бар.
Өрттің жалпы аумағы шамамен 2500 шаршы метрді құрады.
Жағдай толық бақылауда. Қазіргі уақытта қайта тұтанудың алдын алу үшін аумаққа қосымша мониторинг жүргізілуде. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына қауіп жоқ, - деп хабарлады Атырау облыстық ТЖД.
Жаңа полигон салу жоспары бар
Аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында аумағы 50 гектар болатын жаңа полигон салу және қолданыстағы нысанды рекультивациялау жоспарланған.