Атырауда Қазақстандағы алғашқы Lotus Fest фестивалі өтті

Атырау облысының Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылында Қазақстанда тұңғыш рет Lotus Fest – 2025 халықаралық мәдени-туристік фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің өңірлерінен және шетелден келген 10 мыңнан астам турист қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Фестиваль барысында 20 киіз үйден тұратын этноауыл тігіліп, қонақтар қазақ халқының тұрмысымен, салт-дәстүрімен және ұлттық ойындарымен танысты. Ұлттық өнер мен қолөнер жәрмеңкесінде кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, этникалық нақыштағы бұйымдар мен тағамдар келушілер назарына ұсынылды. Бұл алаң өңірдің этнотуризмін дамытуға және жергілікті өнімдерді халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында театрландырылған қойылым, концерттік бағдарлама және ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Қол күресі, қазақ күресі, садақ ату, асық ату және арқан тарту сайыстары жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар «алыптар сайысы» өткізіліп, жеңімпаз спортшы Алматы қаласында өтетін республикалық «Ақбидай» жарысына жолдама иеленді.

Айта кетерлігі, Қазақстанда лотос табиғи жағдайда тек Қиғаш өзенінің сағасында – Құрманғазы ауданы аумағында ғана өседі. Фестиваль осы ерекше табиғи құбылысты дәріптеуді, өңірдің туристік әлеуетін арттыруды және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауды мақсат етті.

Lotus Fest – 2025 халықаралық мәдени-туристік фестивалі еліміздің мәдени және туристік кеңістігін байыта отырып, этнотуризмді дамытуға серпін берді. Ұйымдастырушылар іс-шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарында бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы