Атырауда полиция интернет-алаяқтан сақ болу қажеттігін ескертеді

Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта олардың ішінде 37 қылмысқа қатысты 3 күдіктіге қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінде интернет-алаяқтардың арбауына түскендердің қатарында 10-ға жуық зейнеткер бар. Алаяқтық схемасы келесідей жүзеге асады: жәбірленушіге оның атына сәлемдеме келгені туралы (Казпошта қызметкері ретінде) қоңырау шалып, сізге сәлемдеме келіп тұр деген жалған ақпарат береді. Жәбірленушіден 4 санды SMS кодын сұрап, оның атына ірі көлемде онлайн несие рәсімдейді, - дейді Атырау облысы ПД Кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Садуақас Жангалиев.

Атырау облыстық полиция департаменті азаматтарды интернет алаяқтарынан сақ болуды ескертеді. Кез-келген бейтаныс сілтемеге немесе смс хабарламаларға өтпес бұрын оның шынайылығына көз жеткізіп, жеке және қаржылық деректерді ешкімге бермеу қажет.

"Заң мен тәртіп" науқаны аясында алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында қаладағы 20-ға жуық Kazpost бөлімшелері бар, барлығында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 

Іс-шара кезінде азаматтарға шынайы пошталық хабарламалар мен жалған SMS-терді ажырату жолдары түсіндіріліп, күмәнді жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі ескертілуде.

Атырау облысының тұрғындары осындай жағдайға тап болса, дереу полицияға 102 нөміріне не болмаса 109 нөміріне хабарласуы қажет. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Атырау облыстық ПД
Өзгелердің жаңалығы