Атырауда полиция басшылары қызметтен шеттетілді
Атырауда тәртіпті өрескел бұзғаны үшін полиция басшылығы қызметінен шеттетілді.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырауда қалалық полиция басқармасының бастығы, сондай-ақ облыстық департаменттің өзіндік қауіпсіздік және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының басшылары қызметінен шеттетілді. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуына, тиісті бақылау мен жұмысты ұйымдастырудың болмауына байланысты Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қалалық Полиция басқармасының бастығы, сондай-ақ Атырау облысы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшылары лауазымдарынан шеттетілді, - делінген хабарламада.
Ведомство Ішкі істер министрі бұған дейін де министрлікте заңдылық пен қызметтік тәртіпті, оның ішінде қызметкерлер арасында қамтамасыз ету бойынша принципті жұмыстар жүргізіліп жатқанын және жалғаса беретінін бірнеше рет атап өткенін баса айтты.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ комитет төрағасы Данияр Мейірхан тексеріс кезінде қызметінен шеттетілді.
Сондай-ақ, Атырауда СОБР қызметкерлері өз басшыларының әрекетіне шағымданып, балағат сөздер мен күш қолдану фактілері болғанын мәлімдеген еді. Осыған байланысты олар ІІМ басшылығына және ішкі қауіпсіздік департаментіне ресми түрде жүгінген.
Аталған жанжалға қатысты ІІМ ресми мәлімдеме жасады. Қызметтік тәртіп бұзу фактісі расталып, тексеріс басталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
12 басшы жазаланып, зейнетке шыққан мұғалімдерге 5 млн теңге өтемақы төленді
Семейде қоғамдық қор басшысы сотталды
Ұлытауда құмар ойын ойнаған 10 басшы мен 26 мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылды