Атырауда полицейлерге шабуыл жасағандар түгел ұсталып, қамауға алынды
Атырау облысында полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған барлық күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
Атырау облысында 3 сәуір күні полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысқандардың барлығы ұсталып, қамауға алынғаны туралы BAQ.KZ хабарлайды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, билік өкілдеріне қатысты күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция өкілдері құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы кез келген заңсыз әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.
Полиция қызметкерлеріне қысым көрсету, қарсылық таныту және әсіресе күш қолдану әрекеттерінің барлығы қатаң түрде тоқтатылады. Жауапкершілік толық көлемде қарастырылады. Ешкім де жазадан құтылмайды. Заң баршаға ортақ, – деп мәлімдеді ведомство.
Еске сала кетейік, 3 сәуір күні сағат шамамен 22:00-де Атырау облысының Мақат ауданында жанжал орын алған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне бір топ азамат шабуыл жасап, салдарынан екі тәртіп сақшысы жарақат алды.
Айта кетейік, жақында ғана Қостанайда полиция қызметкерін жабылып ұрғандар ұсталды еді. Одан кейін Қостанай прокуратурасы полицейге шабуыл жасағандарға қатысты мәлімдеме жасады.
2026 жылғы 2 сәуірде полиция қызметкерін соққыға жыққан күдіктілердің кешірім сұраған видеосын жариялады.
Сондай-ақ, Атыраудың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында полиция қызметкерін балағаттап, құрметсіздік көрсеткен жергілікті тұрғынға қатысты іс қаралды. Оқиға 31 наурызда болған. Мас болған әйел полиция қызметкерін балағаттап, тіл тигізген.