Атырауда Оқушылар мен жастар сарайы пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде жаңадан ашылған Оқушылар және жастар сарайында 200-ден аса мұғалім жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Оқушылар мен жастар  сарайының құрылысына "Шеврон" компаниясы демеушілік жасады. Аумағы 18 833 ш.м. құрайтын аталмыш ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталып, белгіленген мерзімде аяқталып отыр. Ғимарат астыңғы қабаттан бөлек, 4 қабаттан тұрады. Мұнда шығармашылық қызмет түрлерімен және спортпен айналысуға, сондай-ақ әр түрлі үйірмелерге қатысуға барлық жағдай қарастырылған.

Сондай-ақ  сарайда  ғылым мен техника, өнер, мәдениет  және спорт салалары бойынша жеті бағытта 63 үйірме жұмыс жасайды. Нақтырақ айтсақ, спорт саласында – футбол, суда жүзу, жеңіл атлетика, күрес түрлерінен үйірмелер болса, өнер саласында – хореография, ән айту, сурет салу, керамика үйірмелері бар.

Пайдалануға беріліп отырған ғимаратта үйірмелерден өзге  ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз туралы мағлұмат алуға,  планетарийден аспан әлемімен танысуға және тағы да басқа қарым-қабілеттерін дамытуға бар мүмкіндік жасалған. Жалпы алғанда тәулігіне  2 ауысымда 1 500 бала өнермен, спортпен, шығармашылықпен шұғылдана алады. Оқушылар мен жастарды түрлі бағытта дамыту үшін сарайға 200-ден астам мұғалім жұмыспен қамтылмақ,  - деп түсіндірді қалалық білім бөлімі. 


Айта кетейік, Оқушылар мен жастар сарайы қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өз жұмысын 1 қыркүйектен бастайды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы