Атырауда қоғамдық көліктер паркі тағы 10 автобуспен толықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Облыс орталығы қоғамдық көлік тұжырымдамасын жүзеге асыруды жалғастыруда, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қала ішінде жолаушылар тасымалына арналған бұл автобустардың ұзындығы 8,5 метр.Сыйымдылығы 50 жолаушы. Қостанай қаласынан шығарылған «Ankai» маркалы автобустар «Айс Транс Холдинг» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілген.

«Облыс әкімінің тапсырмасымен қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қоғамдық көліктерді «Айс Транс Холдинг» мекемесіне сенімгерлік басқаруға беріп жатырмыз. Оның бесеуі №10 автобусқа, қалған бесеуі №20 автобусқа берілді. Автобустар қазіргі заман талаптарына сәйкес келеді. Ішінде арнайы салқындатқышы, мүмкіндігі шектеулі жандарға пандустар орнатылған, сондай-ақ, 4 бейне бақылау камерасымен жабдықталған», - дейді жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.

Айта кетейік, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Атыраудағы қоғамдық көліктің жаңа тұжырымдамасын енгізу туралы жариялады. Жолаушылар тасымалы реформасы жаңа автобустар сатып алуды, қосымша бағыттарды дамытуды, сондай-ақ қалалық қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасын жақсартуды қамтиды.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы