Атырауда не жағдай болды? Көшені қаптаған полиция көліктері жұртты дүрліктірді
Атырауда ондаған патрульдік көліктің пайда болуы тұрғындарды алаңдатты. Полиция қаладағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Атырауда соңғы күндері өзге өңірлерден келген патрульдік көліктердің күрт көбеюі тұрғындар арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әсіресе әлеуметтік желілерде және жүргізушілер қауымдастықтарында түрлі болжамдар таралып, кейбір азаматтар жаппай тексерулер мен рейдтер басталды деп алаңдаған. Қала көшелерінде кептеліс күшейіп, полиция тоқтатқан көліктердің маңына адамдар жиналғаны да байқалды.
Осыған байланысты Атырау облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, өңірде 21-23 мамыр аралығында «Құқықбұзушылыққа тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осыған байланысты Атырауға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан қосымша полиция күштері тартылған.
Полиция департаменті бұл шараның қандай да бір көлік иелеріне немесе белгілі бір нөмірлі автокөліктерге қарсы бағытталмағанын ерекше атап өтті. Тексеру жұмыстары барлық жол қозғалысына қатысушыларға бірдей жүргізіледі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың жолын кесу, – деп мәлімдеді департаменттен.
Полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзу секілді құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударады.
Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов барлық профилактикалық шара заң аясында жүргізілетінін айтып, тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Ресми мәлімет бойынша, жедел-профилактикалық іс-шара 23 мамырда аяқталады.