Атырауда маса улауға 127 млн теңге бөлінді
Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Атырау қаласында масаны улау жұмыстары басталды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 127 млн теңге қаржы бөлінген.
«AG Dеsinfection Services» мердігер мекемесі көшелер мен ашық су тоғандарын, саябақтар мен демалыс орындарын және қала маңындағы 8 елді мекенде айына 1 рет дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Оған желдік және түтін генераторы, су тасығыш көлік пен трактор сынды техника мен 20 дезинфектор жұмылдырылуда. Олар қараша айына дейін 4 ауысымда жұмыс жасайтын болады. Мердігер мекеменің жұмысын Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бақылауда ұстайды.
«2019 жылға қаладағы масаға қарсы улау жұмыстары 12 лот бойынша жүргізілуде. Тапсырыс бойынша 40 млн шаршы метр көлеміндегі жерде улау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтатын болсақ, бұл шара қалаға қарасты елдімекендер, қала көшелері, жасыл желектер, көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері, кіреберістері, сондай-ақ ашық көз су алаңдары, Каспий жағалауында жүргізілетін болады», - дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Кенжебек Қамалиденов.
Мамандар дернәсілдердерді улауға қолданатын дәрі-дәрмектің иісі жоқ, адам ағзасына зиянсыз дейді. Ол тиісті жерлерге себілгеннен кейін, 18 күнде нәтижесін береді. Ал, жылдағы жүргізілетін мониторинг бойынша, масаны толықтай жойып жіберу мүмкін емес.
«Тоған сулары масаның ең қолайлы ортасы, ошағы деп айтса да болады. Біздің ең көп көңіл бөлетініміз осы жерлер. Айына бір рет деп шектелмейміз, маса қай жерде көп, сол жерде жұмыс істейміз», - дейді биолог-энтомолог Айнагүл Дәулетярова.