Атырауда мас жүргізуші үш баланы қағып, оқиға орнынан қашып кетті
Атырау облысында мас жүргізуші үш баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 5 маусым күні сағат 21:00 шамасында Исатай ауданы Жанбай ауылында болған.
Атырау облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, «102» оператор пультіне «ВАЗ-2114» көлігі Сейфуллин көшесінің бойында үш жасөспірімді қағып кетіп, белгісіз бағытта қашып кеткені туралы ақпарат түскен. Хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторы мен патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына кіріскен.
Тәртіп сақшылары «Тосқауыл» арнайы жоспарын енгізіп, 30 жастағы жүргізушіні ұстады.
Оқиға салдарынан 10 және 9 жастағы балалар түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.
Кейінірек белгілі болғандай, жеңіл көліктің жүргізушісі жеңіл дәрежелі алкогольдік мас күйінде болған. Іс сотқа жіберілді, ер адам жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.