Атырауда магистратураға түсу тестілеуін «Адалдық алаңы» бақылап келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 20 шілде мен 5 тамыз аралығында магистратураға түсу үшін Атырау облысында компьютерлік форматта кешенді тестілеу өткізілуде.
Кешенді тестілеуге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және парасаттылық құндылықтарын сіңіру мақсатында «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қоғамдық бақылаушы ретінде қатысып, тестілеудің өту барысына мониторинг жүргізуде.
Магистратураға тестілеуге қатысуға облыс бойынша 749 азамат өтініш білдірген. Ағымдағы жылдың 20 шілдесі мен 2 тамызын қоса алғанда тестілеуге қатысу керек 482 адамның 387-сі ғана тестілеуге қатысты. Келмеген адам саны 95-ті құраса, тыйым салған заттарды қолданғаны үшін 3 адам тестілеу залынан шығарылды, - делінген Атырау Адалдық алаңы таратқан хабарламада.
Тестілеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бағытында «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің арнайы мониторингтік топ мүшелері қатысушылардың тестілеу залдарына талапқа сәйкес жіберілуін қадағалап, тестілеу процесін залдарда орнатылған бейнекамералар арқылы онлайн режимде бақылауда.
Сонымен қатар жобалық кеңсемен жүргізілген мониторинг кезінде тыйым салынған заттарды пайдалану фактілерін анықтау және жалған адамдардың қатысуын болдырмау, қандай да бір «уағдаластыққа» жол бермеу жұмыстары жүргізілуде.