Атырауда мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының мұқтаж және көпбалалы отбасыларына, сондай-ақ медициналық ұйымдарға материалдық көмек көрсетілуде. 

"Халық" қайырымдылық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаеваның бастамасымен мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері, жуғыш және антисептикалық құралдар салынған 1000 жиынтық таратылды. Ал Атырау облысының медициналық ұйымдарына 1000 пульсоксиметр, 100 оттегі концентраторы және COVID-19 індетіне қарсы қолданылатын медициналық препараттар жеткізілді. Бұдан бөлек, жуық арада облыстың медициналық мекемелеріне аса қажет өкпені жасанды жолмен тыныстататын 30 аппарат әкелінеді.

Эпидемиологиялық күрделі ситуацияға байланысты қиын материалдық жағдайда қалған және дәрі-дәрмекке мұқтаж отбасылардың тізімі Атырау облысының әкімдігі тарапынан анықталған.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға 20000-нан астам азық-түлік жиынтығы, медициналық қызметкерлерге ақшалай төлемдер, қажетті медициналық құрал-жабдықтар: өкпені жасанды жолмен тыныстату аппараттары, ПТР зертханасы және жедел жәрдем машинасы түрінде жалпы сомасы 5,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.

"Халық" қоры осы күндері COVID-19 індетімен күресте мемлекет, бизнес, қайырымды жандар және бүкіл Қазақстан халқының бірлесіп күш жұмсауы қауіпті инфекцияны толығымен еңсерумен аяқталатынына үміт білдіреді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы