Атырауда лотос алқабы гүлдей бастады
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Теңіз ауылдық округінде лотос алқабы гүлдей бастады. 5 гектар жерді алып жатқан хош иісті өсімдікті көруге келушілер саны жыл санап көбейіп келеді. Туристер көрші облыстар мен алыс-жақын шет мемлекеттерден де ағылады. Тазалық символы болып кеткен шамгүл 1 ай ғана гүлдеп тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үндістан мен Вьетнамның ұлттық гүлі саналатын лотостың Атырау облысында жайқалып тұруы ерекше құбылыс. Бұл өсімдік өңірде соңғы 3-4 жылда ғана таныла бастапты. Осылайша қазір отандық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік беріп, үлес қосып тұр.
Мен Құрманғазы ауданының тұрғынымын. Осы жақта қаншама жыл тұрсам да, мына лотос алқабына алғаш келуім. Отбасымызбен келдік. Атырау қаласынан арнайы келген достарымызды да ала келдік. Шынымен көз қуантады. Әдемі. Суретке түсіп, сұлулығына қанық болдық. Қызығы лай, тайыз жерде тұрса да, тап-таза. Үстіне су да жұқпайды екен. Ауылдан арақашықтығы қатты алыс емес. Әрі кетсе 30-40 минутта жеткен сияқтымыз қайықпен. Ерекше әсер алдық. Қатты ұнады, - дейді келушілердің бірі Ақмоншақ Төреханқызы.
Қиғаш өзеніндегі шамгүл алқабын тамашалап, балық аулауға келгендердің бірі блогер әрі балықшы Әсел Құбашева. Алматы облысының тұрғыны соңғы 3 жылда мұнайлы өңірге келіп, керемет демалыс өткізіп жүргенін айтады. Мұндағы флора мен фаунаға көз сүйсінетінін айтады.
Бұл өңірге алғаш келуім емес. Бірінші рет табан тірегенімде табиғатына ғашық болдым. Мен өзім аңшылық және балық аулаумен айналысамын. Мұнда ерекше балық аулау процесі үшін келемін. Біздің Алматыда браконьер көп. Балық саны азайып жатыр десем де болады. Ал мұнда бақылау қатты. Жауапты инспекция болсын, шекарашылар болсын бәрін қатаң назарда ұстайды. Мұнда құстың да түр-түрі бар. Дегелек, аққұтан, аққу, бірқазан,қасқалдақ, дала үйректері мен қазды көріп аң-таң болдым. Су бетінен қалықтап ұшқандағы сұлулықты суреттеу мүмкін емес. Ал ең бастысы демалысымды осы шілде айының ортасы мен тамыз айының аяғына дейінгі аралықта жоспарлаймын. Себебі дәл осы уақытта мұнда лотос алқабы гүлдейді. Хош иісті гүлді көріп, жаным тағы бір рахаттанады. Табиғаттағы демалысты жаным сүйеді. Өзім әлеуметтік желіде блог жүргіземін. Балық аулау жайлы көп ақпаратпен бөлісемін. Еліміздегі осындай сұлу жерлерді таныту мақсатында барымды салып жүрмін, - деді турист Әсел Құбашева.
Қиғаш өзені каналының бойынша 6 демалыс орны бар. Лотос алқабына не маусымдық балық аулауға келішулерге осы бизнес иелері қызмет көрсетеді. Жағадан қайықпен алып кетіп, аймақпен таныстырады. Әр демалыс орнында жақсы жағдай жасалған. Аумақта бірнеше үй, желдеткішпен жабдықталған киіз үйлер бар.
Теңіз ауылдық округіндегі лотос алқабы соңғы 2-3 жылда жақсы, қарқынды жарнамаланып, танылып келе жатыр. Соған байланысты туристердің саны да артып жатыр. Лотос гүлі шілде айының 15 бастап, тамыздың 15 дейін гүлдейді. 1 ай ғана тұрады. Сондай ақ гүлі таңертең әдемі болып ашылып, кешке жабылып қалады. Басқа уақытта болмайды. Теңіз ауылының географиялық орналасуына байланысты шынымен де туризмге сұранып тұр. Соның ішінде әуесқой балық аулаушыларға да жақсы. Мұнда демалыс орындары бар. Тағы да 10 кәсіпкер сондай орындарды салу үшін жер алып, заңдастырып қойған. Енді инвестиция құю мәселелерімен жұмыстанып жатыр. Осы аумақтар жер алғысы келетін азаматтар аудан әкімдігіне өтініш білдірулері керек болады. Сол бойынша ары қарай процесс жүреді. Ал біз округ әкімдігі, аудан әкімдігі тарапынан барынша қолдау көрсететін боламыз, - дейді Құрманғазы ауданы Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Махсутов.
Тазалықтық символы саналатын лотос гүлінің Атырау облысына келу тарихы нақты белгісіз. Кей деректерде өсімдіктің тұқымын облысқа келетін жыл құстары әкелуі мүмкін дейді. Ал кейбір мәліметтерде кезіндегі Ұлы Жібек жолымен әкелінді деп те айтылады.
Қиғаш өзенінің Лотос алқабына апарар жолының арақашықтығы шамамен 16 шақырым. Су түбі жыл сайын лайланып, тайызданып бара жатқасын, онда үлкен су көліктері өте алмайды. Келушілер шағын моторлы қайықпен қатынайды. Сол себепті бұл арақашықтық түптереңдету жұмысын жүргізуді қажет етеді. Билік өкілдері бұл жұмыстың нақты қашан жүргізілетінін ашып айтпады.
Лотос гүлінің тамыры судың лай жерінде тұрса да, гүлі нәзік , жұпар иісті болады. Оның емдік қасиеті де жоқ емес. Шамгүлдің тұқымы ақуыздың көзі. Оны әл жинау мақсатында пайдаланып, сондай-ақ бүйрек, көкбауыр, жүрек жұмысы бұзылғанда қолданылатын көрінеді.
Құрманғазы ауданына туристер жан-жақтан ағылады. Атырау қаласының өзін былай қойғанда, Ақтау, Орал сынды батыс өңірлерден, сонымен қатар Алматы, Астана, Шымкент қалаларының тұрғындары да арнайы келеді. Көршілес мемлекеттерден ат арылтатындар да бар.