Атырауда күйеуінің туыстарынан 3,7 млн теңгенің алтынын ұрлаған тұрғын ұсталды
Полицияның мәліметінше, күдікті әйел ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп үлгерген.
Атырауда сот күйеуінің туыстарының алтын әшекейлерін ұрлаған 23 жастағы әйелге үкім шығарды.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, жас келін күйеуінің отбасымен бір шаңырақ астында тұрған. Сот мәліметінше, ол үш айға жуық уақыт бойы күйеуінің қарындасы мен ағасының әйеліне тиесілі алтын сырға, сақина және алқаларды біртіндеп алып шығып, ломбардтарға өткізіп отырған. Сотталушының айтуынша, түскен ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Туыстары алтын бұйымдардың жоғалғанын бірден байқамаған. Алғашында олар үйге ұры түсті деп ойлап, бұл мәселені отбасылық чатта талқылаған. Кейін әшекейлердің келіннің әрекетінен жоғалғаны белгілі болды.
Екі жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын шамамен 3,7 миллион теңгені құрады. Олардың бірінің айтуынша, ұрланған 13 алтын бұйымның тек алтауы ғана қайтарылған. Оның өзінде кейбірі бүлінген күйде табылған. Қалған әшекейлер әлі күнге дейін табылған жоқ.
Сотта әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сот оны ірі көлемдегі ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталған әйелден жәбірленушілердің бірінің пайдасына 2,7 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.