Атырауда көпқабатты үйдегі өрттен 15-ке жуық адам эвакуацияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау полицейлері көпқабатты үйдегі өрттен 15-ке жуық адамды эвакуациялады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
13 маусымда патрульдік полиция батальонының автопатрульдеу бекетінің қызметкерлері, полиция капитаны Нұржан Хадимов пен полиция лейтенанты Қуаныш Әбдеш көпқабатты үйден түтін шыққанын байқаған. Кейін белгілі болғандай, Атырау қаласының «Нұрсая» шағынауданында №63 үйдің 3-қабатындағы пәтер өртенген.
Біз көшедегі қауіпсіздікті қадағалап жүріп, көпқабатты үйден түтін шыққанын көрдік. Мұндай жағдайда жедел көмек беруге ұмтыламыз. Біз келгенде көпқабатты үйдің 3-қабатындағы пәтер өртеніп жатты. Үйдің кіреберісіндегі 3 пен 5-қабат аралығын қою қара түтін басып тұрды. Сол үйдің тұрғындарымен бірге 15-ке жуық адамды қауіпсіз жерге эвакуацияладық. Оның ішінде балалар да бар, – дейді полиция капитаны Нұржан Хадимов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт 13 маусым күні сағат 17:53-те тұтанған.
Көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтердің асхана бөлмесі мен балконы өртеніп кетті. Жалын сағат 18:15-те оқшауланып, сағат 18:21-де толықтай сөндірілді. Өртті сөндіруге департаменттің 5 қызметкері мен 1 техника жұмылдырылды, – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.