Атырауда кідіріп қалған құрылыстар қарқын алды
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласында біраз жылдан бері тоқтап тұрған жобалар жанданып, бірер ай ішінде толықтай пайдалануға беріледі. Қала басшылары көшпелі жиын өткізіп, құрылыс жұмыстарын да аралап шықты.
Алдымен біраз жылдан бері жергілікті тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған, арнасы лас қоқыс пен сасық суға толы қала орталығындағы 15 шақырым каналды тазалау жұмысын көрді.
Бұл канал қала тұрғындарының денсаулығына зиян. Лас-қоқыс жиналып, маса, шыбын-шіркей қаптап тұр. Экологияға да керіс әсер етуде. Біраз жылдан бері бұл арнаны тазалау жоспарланған екен. Осыны қолға алдық. Бірер ай ішінде аяқтаймыз. Бірақ бұл каналдың дренаж екенін байқадық. Суынан сынамалар алғанбыз. Кейін суының тұзды, яғни жер асты суы екенін білдік. Оған қоса, жергілікті тұрғындар бұл каналды көмуге ұсыныс айтқан еді. Алайда, біз мұны көмбейміз. Өйткені су таситын апаттық жағдайларда бізге бұл арна керек. Су сақтауға қажет. Мұнда жарты миллион текше метр су сияды. Сондықтан әзірге тазалап қоямыз, - дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.
Қала басшылары бұл каналдың бойымен тұрғындарға техникалық су құбырын жүргізбек. Сонымен қатар, қаланы көгалданыруға арналған суару құбыры құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Алайда, техникалық құжаттарды жинақтау барысында біраз кедергілер болған. Құны 1 млрд 628 млн теңге. Жобаның 80% жұмысы аяқталған.
Қазір Атырау қаласын көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тал-теректі көп егудеміз. Осыны суару үшін су құбырлары керек. Сондықтан бұл жобаны тезірек қосуды қолға алдық. Ең үлкен 12 көше арқылы өтеді. Бұл құрылысты қыркүйек айына дейін аяқтап, іске қосамыз. Жалпы халықтың бау-бақшасына да су жеткізу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Аталған жобаны жүзеге асыруда техникалық құжаттарын жасақтауда қиындықтар болып, кешігіп қалған, - дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.
Сонымен қатар, қала сыртындағы стихиялық қоқыстарды тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды мамыр айында бастаған мердігер компания басшылары қалдықтардың тым көп екенін айтты.
Қоқысты тазалау жұмыстарын мамыр айында бастадық. Негізі техникалық құжатта 200 гектар жер болатын. Алайда, 600 гектардан астам аймақты алып жатыр. Күніне 40-45 жүк көлігімен қалдық шығарамыз. Оны "АрнаулыАвтобаза" ЖШС полигонына тасып отырмыз. Күні бүгінге дейін 415 гектар жерді тазалап үлгердік, - дейді мердігер мекеме басшысы Артур Қуанышкереев.
Сонымен қатар, қала басшылары кәріз суларын тазалайтын станса құрылысына барды. Бұл кешеннің де жұмысы аяқталуға жақын екен.
Бұл кешен іске қосылса, Жайықтан ауыз суды алып отырған ірі өндіріс орындарына кететін су шығыны азаяды. Осы стансадан жылына 25 млн текше метр техникалық су алатын болады. Өте қажетті, тиімді жоба. Ертерек жүзеге асыру керек еді. Дегенмен, жұмысы аяқталып қалды. Енді жабдықтарды күтіп отыр. Ол Польша елінен келе жатыр. Шілде айының аяғында жетеді. Тамыз айында іске қосылады. Қараша айында пайдалануға тапсырылады, - дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.