Атырауда кез келген емдеу орнынан «Спутник V» екпесін алуға болады

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салатын 23 пункт бар. 

Атыраулықтар осы арнайы орындардың кез келгенінен «Спутник V» екпесін ала алады. Аймақта вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Қаладағы №3 емханада мыңға жуық тұрғын «Спутник V» вакцинасын алып үлгерген. Бұл медициналық мекемеде күніне 60-қа жуық адам егіледі екен. Дәрігерлер олардың басым бөлігі зейнеткерлер екенін айтады.


Біздің емханадан кез келген қала тұрғыны келіп коронавирусқа қарсы екпені ала алады. Жалпы біздің медициналық мекемеде 49 мыңға жуық адам тіркелген. Қазір «Спутник V» вакцинасын 960-тан астам тұрғын салдырды. Екпеге қарқын күшейді. Тіпті біз шетелдіктерді де егіп жатырмыз. Күніне 60 адамға вакцина салсақ, оның 15-20-сы зейнет жасындағылар. Дәрігерлер екпе алушылардың денсаулығын жіті тексереді. Вакцина салған соң да жарты сағатқа жуық мамандардың бақылауында болады. Осы уақытқа дейін ешбір адамда кері әсері болған жоқ, - №3 қалалық емхана директорының орынбасары Гүлжанат Иманбаева.


Ақпан айынан бері мұнайлы өңірде «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін 8 мыңнан астам адам алды. Ал 3 мыңға жуық адам екінші компонентін салдырған. Демалыс күндері де бұл жұмыстар тоқтаған жоқ.

Аймаққа қосымша 8 мың доза жеткізілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы