Атырауда газсыз қалған бүтін бір ауданның тұрғындары шу шығарды
Атыраудағы «Өркен» ықшам ауданының тұрғындары 3 аптадан бері табиғи газсыз отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашында табиғи газ бір сөніп, бір жанып жұрттың берекесін қашырған. Соңғы 2-3 күнде мүлдем өшіп қалыпты.
Соңғы күндері 1-2 тәулік бойы газсыз отырғандар бар. Кейбір үйдің балалары қызулары көтеріліп, ауырып жатыр тоңғаннан. Мүгедектігі бар адамдар бар. Келіп жағдайымызды біліп жатқан адам жоқ. Бұл деген төтенше жағдай ғой мысалы. Кешеден бері тамақты да тапсырыспен алдырып, жеп отырмыз. Үйде осылай сырт киіммен жүреміз, осымен ұйықтаймыз. Мұнайлы өлке ғой ақша тауып отырған, - дейді Ақмарал Манжуова.
Бұл ықшам ауданға тұрғындар 2007 жылдары қоныстана бастаған. Содан бері жүргізілген газ желілерінің бәрі Атырау қаласы әкімдігінің теңгерімінде екен. Бірақ дәл қазір желіде қандай кемшілік туындағанын «ҚазТранГазАймақ» АҚ Атыраудағы филиалы өкілдері анықтауға кірісіпті. Акционерлік қоғам мамандарының қолында «Өркен» ықшам ауданындағы газ желілерінің құжаты мен сызбасы жоқ.
Біз өз теңгеріміміздегі газ құбырларын күтіп ұстауға, тұтынушылардың тариф ақысына төлейтін ақшасын бөліп, барынша жақсы қызмет көрсетіп отырмыз. Ал бұл ықшам аудандағы газ желілері біздің теңгерімге берілген жоқ. Жергілікті әкімдік бізге қолдарынан келгенше көмек көрсетеді. Кезінде әкімдіктің мердігер компаниясы мына газ құбырын жүргізгенде атқару-техникалық құжаттамаларын бізге берген жоқ қой, себебі сонда объект тапсырылған жоқ бізге. Сол себепті біз жерді қазып қарауға мәжбүрміз. Жер қазу жұмыстарын жүргізіп, не болмаса тоқ жүргізіп, газ құбырларын жыртып кеткен шығар, - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының бөлім басшысы Саламат Ихсанов.