Атырауда «Фариза оқулары» облыстық байқауы өтті

9 қазанда Атыраудағы Абай атындағы оқушылар орталығында «Фариза оқулары» облыстық байқауы өтті. Оған Атырау облысының ауылдық және аудандық жалпы білім беру мектептерінің 8-11 сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Фариза оқулары» байқауы 2020 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Аталмыш байқау Атырау облысының тумасы, ақын, халық жазушысы және Қазақстан Республикасының қоғам белсендісі Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған. Байқаудың мақсаты - өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды патриотизмге және туған өткенің мәдени дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу. 4 жыл ішінде облыстық байқауға 200-ден астам мектеп оқушысы қатысты.

Байқау ұйымдастырушысы - Атырау облысы Білім беру басқармасының Таланттарды анықтау және қолдау орталығы. «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ өзінің медицина, мәдениет және білім беру саласын қолдауға, сондай-ақ Атырау облысындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қайырымдылық қызметі аясында іс-шараға қолдау көрсетуде.

Биыл байқауға 50-ге жуық оқушы қатысты, олар аудандық (қалалық) кезеңдердің жеңімпаздары болып табылады. Екінші, яғни облыстық кезеңде байқауға қатысушылар үш бағыт бойынша жарысты:

- «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай» - Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқу сайысы.

- «Өлең мен сені аялап өтем...» — Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндерді орындаушылар сайысы.

- «Фариза шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу» - Фариза Оңғарсынованың шығармалары тақырыбындағы суреттер сайысы.

Облыстық байқау қорытындылары бойынша қатысушылар әрбір номинация бойынша I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ әр номинация бойынша Таланттарды анықтау және қолдау орталығының алғыс хаттарымен марапатталды.

Каспий Құбыр Консорциумы әлеуметтік жауапты компания ретінде қашан да қоғам үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетеді. Бүгін біз «Фариза оқулары» облыстық байқауын ұйымдастыруға қатысудамыз. Бұл өңіріміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп есептеймін, өйткені байқауға қатысу арқылы оқушылардың мәдени мұраны сақтауға және одан әрі дамытуға қызығушылығы артады, жеткіншек буын рухани құндылықтарды бойларына сіңіреді, шығармашылыққа ынталары артады, - деп атап өтті «КҚК-Қ» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин. 

Жыл сайын Консорциум Қазақстан Республикасындағы қайырымдылық жобаларына 3 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөледі. Жалпы 2001-2023 жылдар аралығында компания Атырау облысы аумағындағы қайырымдылық жобаларына шамамен 14 млрд теңге жұмсады.

Айта кетейік, Фариза Оңғарсынова (1939 – 2014) қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып, қазақ поэзиясын үлкен белестерге шығарды, жастарды әдеби шығармаларды оқуға ынталандырды. Оның өлеңдері, очерктері, әңгімелері біздің елде ғана емес, сондай-ақ шетелде де танымал болды. Оның көптеген шығармалары шет тілдеріне аударылды. Ақынның көптеген өлеңдеріне ән жазылып, олар жарты ғасырдан бері эфирде шырқалып жүр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Каспий Құбыр Консорциумы
Өзгелердің жаңалығы