Атырауда этнопарк салынуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоба «Атырау» ӘКК-мен бірігіп жасалмақ. Атыраудағы көпшілік-көңіл көтеру орындарының саны келешекте этнопаркпен толығуы мүмкін. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдап отырған жобалардың қатарында «Нұрлы-Тал» ЖШС жүзеге асыруы тиіс этнопарк та бар, деп жазды inbusiness.kz.
Этнопарктің ерекшелігі – көне мен жаңаның арасын байланыстыру және көпшілікті ұлттық құндылықтармен таныстыру. Атырауда бұрын мұндай жоба болған жоқ, – дейді жобаның бас менеджері Құралай Бралиева.
Белгілі болғандай, қазіргі күні берілген аумақты тегістеп, тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр, сол сияқты, ол жерге шырша ағаштары да егілмек екен. Этнопарк Еркінқала-Атырау трассасының бойынан 2 га жерге салынбақ. Ол «Рухана жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, туризмді дамытуды, облыс тұрғындары мен шетелдіктерді қазақ мәдениетімен дамытуды көздейді.
«Атырау» ӘКК бүгінге дейін 48,7 млрд теңгенің 29 жобасын жүзеге асырған, оның ішінде корпорация қаражаты 15,6 млрд теңге құрайды. Бұл жобалардың 12-сі ауыл шаруашылығы, жетеуі – өндіріс, үшеуі – қызмет көрсету және тағы жетеуі құрылыс саласына қатысты.
2020-2021 жылдардағы ӘКК жобаларының ішінде құрылыс бағытының басым екені көзге түседі. Атап айтқанда, былтыр Зарослый елді мекенінде жобалық құны 148,9 млн теңге құрайтын тұрғын үйлер салынған, бұдан бөлек, қаладағы Береке ықшамауданындағы, Әбілхайыр хан даңғылындағы, Әуежай аумағындағы, Әйтеке би көшесіндегі тұрғын үйлер мен кеңселерді салу жобаларына да корпорация қаражаты тартылған. Сондай-ақ 2021 жылы «iClinic Atyrau» медициналық орталығын, «Keremet park» отбасылық аттракциондар мен демалыс паркін салу көзделген.
Ал мұнайлы өңірде бұған дейін болмаған этнопарк жобасы 203,5 млн теңгеге бағаланған, оның ішінде ӘКК қаражаты 6,1 млн теңге құрайды. Ұқсас құрылымдарды айта кетсек, Қазақстанда Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» этно-мемориалдық кешені және Өскемен қаласында этноауыл бар. Мұның алғашқысы еліміздің барлық аймағын, екіншісі қазақ елін мекендеген ұлттардың тұрмысы мен салт-дәстүрін көрсетуге арналған. Ал Атырауда қолға алынған этнопарктің олардан немен ерекшеленетіні жөнінде алдағы уақытта белгілі болмақ.