Атырауда ескерткіш құлап, баланың өліміне себеп болған: мердігерге үкім шықты
Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында мүсіннің құлауынан бала қаза тауып, тағы екі адам жараланған трагедияға байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау қалалық №2 сотына сілтеме жасап.
2024 жылғы 26 маусым түнінде саябақта орнатылған ескерткіш мүсін отбасымен демалып жүрген азаматтардың үстіне құлаған. Салдарынан 2017 жылы туған қыз бала ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Әкесі мен екінші бала орташа ауыр жарақатпен ауруханаға түскен.
Тергеу барысында ескерткішті орнатуға жауапты мердігердің құрылыс нормаларын өрескел бұзғаны анықталған. Сот Қылмыстық кодекстің 279-бабы ("Құрылыс жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу") бойынша үкім шығарды. Прокурор бастапқыда 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот жазаны жеңілдетіп, 3 жылға бостандығынан айыру және осы мерзімге құрылыс қызметімен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Рақымшылық заңына сәйкес, мердігердің жазасы 1 жыл 6 айға дейін қысқартылды.
Сонымен қатар, сот шешімімен айыпталушы жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде әрқайсысына 10 миллион теңгеден төлеуге, сондай-ақ ем-дом шығындарын өтеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.