Атырауда экологиялық талаптарды бұзған 151 тұлға жауапқа тартылды

Атырау қаласының экологиялық жағдайына кері әсерін тигізетін басты мәселелердің бірі – белгіленбеген жерге қоқыс төгу және абаттандыру қағидаларын сақтамау, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында жүргізілген тексерулер нәтижесінде жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айбол Ідірісовтің айтуынша, құқық қорғау органдары қала аумағында экологиялық тәртіпті сақтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қалада экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары бірқатар рейдтік іс-шаралар өткізді. Соның нәтижесінде 9 заңсыз қоқыс орны анықталып, тиісті құжаттар рәсімделді. "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында 2023 жылы – 2269 адам, ал 2024 жылдың басынан бері – 151 адам абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біз тұрғындарды экологиялық мәдениетті сақтауға шақырамыз, – деді Айбол Ідірісов. 

Қоршаған ортаның тазалығы – қала тұрғындарының өздерін де алаңдатып отырған өзекті мәселе. Олар заңсыз қоқыс орындарының пайда болуы тек экологияға емес, күнделікті тұрмыс сапасына да кері әсер ететінін алға тартады. 

Бұл жерге күн сайын қоқыс төгіледі. Жел тұрса, күл-қоқыс бүкіл аймаққа жайылады. Бізде WhatsApp-та ортақ чат бар. Егер заңсыз әрекеттерді байқасақ, бірден учаскелік полицияға хабарлаймыз. Полицейлер жедел әрекет етіп, кінәлілерді жауапқа тартады. Дегенмен ең бастысы – әр адам өзі жауапкершілік сезінуі керек. Сонда ғана қаламыз таза болады, – дейді қала тұрғыны. 

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, қала тазалығын сақтау мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылуда. 

Қала 13 санитарлық аумаққа бөлінген. Әр аумаққа жауапты қызметкерлер белгіленіп, олардың жетекшілігімен тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, сенбіліктер ұйымдастырылады. 2024 жылы санитарлық талаптарды бұзғандарға 2000-ға жуық ескерту жасалды, – деп мәлімдеді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген. 

Қала тұрғындары заңсыз қоқыс төгу немесе экологиялық нормалардың сақталмауын байқаса, жергілікті әкімдікке, экология департаментіне немесе полицияға шағымдана алады. Таза қала – таза Қазақстан! Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Табиғатты аялау арқылы біз өзімізге жайлы, көркем әрі экологиялық таза қала қалыптастыра аламыз.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы