Атырауда экологиялық талаптарды бұзған зауыт көшірілуі мүмкін бе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамедов өңірдегі экологиялық проблемаларға қатысты жауап берді. 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде әкімге тілшілердің бірі өңірдің экологиялық ахуалына қатысты сауал қойылды.

Жергілікті жұрт қалада орналасқан мұнай өңдеу зауытына шағымдануда. Зауыт биылдың өзінде экологиялық заңнаманы 6 рет бұзған. Елдің наразылығын тудырған кәсіпорынға қандай қатаң шара қолданылады? Тұрғындар зауытты көшіргенді қалайды. Бұл мәселе жүзеге асуы мүмкін бе?, -деді тілшілердің бірі. 

Аймақ басшысының айтуынша, зауыт көшірілмейді, бірақ тексеру нәтижесіне сәйкес, қатаң шаралар қолданылады. 

Зауыт қаланың шетінде орналасқан. Өткен ғасырдың 40-жылдары салынғанымен, күрделі жөндеуден өткен. Жаңа зауыт деп айтуға толық келмесе де, заманауи талаптарға сай.  Еуростандартқа сай бензиндер шығарады. 1 қарашада осы зауыттың булану алаңдарына толық тазалау өткізілмей, қалдықтардың төгілгенін байқадық. Жалпы экологияға байланысты ірі компания басшыларымен жиын ұйымдастырдық. Соның ішінде зауыттардың да басшылары шақырылды. Оларға экология талаптарына сай жұмыс істеу керектігі ескертілді. Болған оқиғаға байланысты экология департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта себебін анықтап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Бірақ зауытты көшіру мәселесі қаралып жатқан жоқ, - дейді Махамбет Досмұхамедов. 

Жақында ел Президентіне «НейроДетки» қоғамдық ұйымының өкілдері өңірдегі экологиялық жағдайдың қиын екенін айтып, хат жазған болатын. Хат иелері экологиялық жағдайдың зардабынан өңірде онкологиялық аурулардың көбейіп, республика бойынша көшбасшы позициға шыққанын айтып, дабыл қаққан. Соған байланысты өңір басшысы жауабын берді. 

Экологияның бұзылуы адамның денсаулығына теріс әсер ететіні белгілі. Онкологиялық ауруларға қатысты жағдай бақылауға алынды. Атырау өңірі онкологиялық аурулар бойынша 1-орында емес. Республикалық деңгейде орташа, одан төмен. Жалпы, соңғы 2-3 жылда 100 мың адамға шаққанда, онкологиялық көрсеткіштер жасарып барады. Әрине, бұл күрделі мәселе. Облыс бойынша онкологиялық ауруларға шалдыққан 4100 адам тіркелген, оның ішінде 3 мыңы емделіп шықты. Қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатында облыста цифрлық рентген аппараттары, цифрлық маммографтар, КТ, МРТ және т.б. аппараттар сатып алынып, бір жүйеге қосылды. SAP технологиясы жасанды интеллектіні пайдалана отырып, аурудың алдын алу немесе оны ерте анықтау үшін диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - дейді әкім.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы