15 Қыркүйек 2026, 10:50 Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Атырауда дроннан күдікті зат салынған 11 пакет табылды

Атырауда Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жерде жатқан түйіншегі бар дронды байқап, оның ішінен 11 пакетке салынған күдікті затты анықтады.

Атырау қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшісі түйіншегі бар ұшқышсыз ұшу аппаратын анықтады.

Сағат 08:30 шамасында лейтенант Мирас Исказиев қылмыстық-атқару жүйесінің №15 мекемесінен шамамен бір шақырым қашықтықта қызмет атқарып жүріп, жерде жатқан орамы бар ұшқышсыз ұшу аппаратын байқаған.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Тексеру барысында түйіншектің ішінде өсімдік тектес, жасыл түсті зат салынған 11 пакет бары анықталды.

Әскери қызметші табылған зат туралы дереу кезекші қызмет арқылы баяндады. Оқиға орнында тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданып, табылған зат одан әрі жүргізілетін іс-шаралар үшін құзыретті органдарға тапсырылды.

Ұландық әскери қызметшінің қырағылығының арқасында күдікті зат дер кезінде анықталып, тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Оқиға бойынша одан әрі тексеру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізілуде.