Атырауда дәрігер мен 3 полицей коронавирустан сауығып шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында Covid-19 індетінен айыққандар саны 76-ға жетті, деп хабарлады Атырау облысындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб.

Жедел штабтың ақпаратына сәйкес, инфекциялық стационардан шығарылған адамдар - 1980 жылғы Атырау облыстық ауруханасының радиолог дәрігері, 1983 жылғы полицей мен 1990 жылғы екі полицей. Тиісті ем шараларынан кейін олардан анализ сынамалары алынып, нәтижесінде коронавирус анықталмаған, - делінген таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 5 жағдай тіркелді. Штабтың мәліметінше,  бес науқастың барлығы - Теңіз кенішінің жұмысшылары. Атап айтқанда, 1988, 1996, 1994, 1997 және 1996 жылғы ер адамдар.

Олар Covid-19 анықталғанға дейін бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болғандықтан карантиндік стационарда жатқан. Жұмысшылардан сынама алынып, нәтижесінде Covid-19  бар екендігі расталды. Қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Олармен байланыста болған адамдар анықталу үстінде, барлығы медициналық бақылауға алынған. Инфекция ошақтарына да дезинфекция жұмыстары жүргізілуде, - делінген хабарламада.

2020 жылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша, Атырау облысында 184 адамда COVID-19 індеті анықталды. Оның ішінде 120 адам  – Теңіз кенішіндегі жұмысшылар. Ал, 72 адам коронавирустан сауығып шықты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы