Атырауда COVID-такси қызметі іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта​ COVID-такси пневмония және коронавирустан үй жағдайында емделіп жатқан науқастарға қызмет көрсетуде. 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аталмыш қызмет түрі ел бойынша бірінші болып Атырау облысында ұйымдастырылып отыр.​ Әзірге COVID-такси түнгі кезекте қызмет көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта аталмыш такси санын көбейту жоспарлануда, деп хабарлайды облыстық коммуникациялар қызметі.


Атырау облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, қазіргі уақытта жедел жәрдем қызметіне түсіп жатқан шақыртулар өте көп.

Ал, COVID-такси қызметі жүктемені азайтуға ықпал етуде. COVID-такси толыққанды бригадамен тең дәрежеде медициналық қызмет көрсете алады. COVID-такси коронавирус, пневмонияға шалдыққандармен бірге, қызуы көтеріліп тұрған науқастардың шақыртуына да барады. Және егер коронавирусқа шалдыққан науқас дәрігердің қабылдауынан шығып, үйіне жете алмай тұрған жағдайларда​ COVID-такси қызметін пайдалана алады. COVID-таксидің бригадасы жүргізуші мен ​фельдшерден тұрады. Өкінішке қарай, біздің де қызметкерлеріміздің арасында науқастанып жатқандар бар. Қазіргі уақытта қолда бар күшті максималды түрде тиімді пайдалануға тырысып отырмыз, - дейді Атырау облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаева.
Ерекше атап өтерлігі, COVID-такси жүргізушілері қажет жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Олар базалық реанимациялық көмек бойынша оқытудан өткен.

Сонымен бірге, пневмония, коронавирусқа шалдыққан науқастар COVID-такси қызметін ​дәрі-дәрмек тасымалы үшін де пайдалана алады. ​

Айта кетелік, пандемия басталғалы бері ​Атырауда жедел жәрдемге шақыртулар көбейген. Бұрын шақыртулар тәулігіне 700-800 рет тіркеліп келген болса, қазіргі жағдайда облыс бойынша шақырулар саны 1300-ге дейін артқан. ​

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы