Атырауда биыл 141 көшенің жолы жаңарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердің ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын 141 көшеге жол құрылысын жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Бұл туралы  қала әкімі Қайрат Оразбаев тұрғындар алдындағы есебінде мәлімдеді. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайтын 171 көшеге жаяу жүргінші жолын салу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 

Айта кетейік, Атырау қаласы әкімі Қайрат Оразбаев қала тұрғындары алдында есеп берді. Қала әкімі тұрғындарға 2019 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Сондай-ақ, 2020 жылы атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырып өтті. 
 
2019 жылы өңірімізде әр сала бойынша өсім байқалады. Ендігі кезекте 2020 жылы  қаладағы өзекті мәселелерді бірінші кезекте шешуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мәселен, 2019 жылы апатты екі мектеп болса, қазіргі уақытта Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп сүріліп тасталынды, орнына 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысын аяқтау, сондай-ақ, №1 М. Жұмабаев атындағы орта мектепке жаңа 160 орындық мектеп құрылысының жобасын аяқтап, құрылысын бастау жоспарланып отыр. Үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу бағытында қаладағы 4 мектептке 120 орындық қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Сонымен қатар, "Береке" ықшам ауданында және "Самал" ықшам ауданындағы  мектеп құрылыстарын аяқтау көзделуде, - дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.
Сонымен қатар, ауылдық округтерде 4 мектеп құрылыстарын салу және  Ақсай-2, Бірлік-2, Тасқала-2, Еркінқала-2 ауылдарында және "Көктем", "Жұлдыз-2" ықшам аудандарында  600 орындық 6 мектептің жобалау құжаттарын аяқтау жоспарлануда. 

Атырау қаласын үздіксіз таза сумен қамтамасыз ету мақсатында №1 су көтергіш сорғы станциясын және №2 сүзгі станциясын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Биылғы жылы екі станцияларды да қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау жопарланса,қаладағы №5 су сүзгілеу станциясын қайта жаңғырту үшін қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттарын бітіріп, объектіні іске қосу жоспарлануда, - дейді қала әкімі.
Ал, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жылы қала бойынша жалпы 24 тұрғын үйдің (1920 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл аталған үйлерге инфрақұрылым жүйелерін тарту бойынша жұмыстар жүргізу және "Атырау-Индер" тас жолының 10 шақырымын кеңейтіп, қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Кең жолақты асфальт жолды қайта жаңғырту жаспардағы басты бағыттардың бірі.  

Қала әкімінің айтуынша, 2020 жылы жалпы ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын бірнеше көшеде қайта жаңғырту жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл жалпы ұзындығы 54,44 шақырымды құрайтын 49 көшеге тас жол төсеу жұмыстары жалғасады.
Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердің ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын 141 көшеге жол құрылысын жүргізу және жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайтын 171 көшеге жаяу жүргінші жолын салу жұмыстарының жобасын аяқтау көзделуде. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 140 көшені жарықтандыру желілерінің құрылыс жұмыстары және "Атырау-Индер" (20 шақырым), "Атырау-Доссор" (7 шақырым) тасжолдарын жарықтандырудың құрылыс жұмыстарын 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр, - дейді Қайрат Оразбаев.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Ақылды қала" бағытында қала аумағында барлығы 774 "Сергек" бейнебақылау камералары орнатылды.  2020 жылы іске қосылмақ.

Сонымен қатар, тұрғындардың шағымын туғызатын мәселелердің бірі – қала ішінде қоғамдық көліктер. 2020  жылы 170 жаңа автобус алу жоспарлануда.  Жаңа автобустар экологияға зиян келтірмеу үшін  газ отынымен жүретін болады.







Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы