Атырауда бекіре өсіретін балық зауыттары жаңғыртылады

Мемлекет басшысының балық шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Атырау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Вице-министрге бекіре балығын өсіретін зауыттардың қазіргі жағдайы мен жаңғырту жұмыстары, сондай-ақ өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды.

Сапар барысында Аманғали Бердалин «Каспий Бекіресі Лимитед» ЖШС-на барды.Бұл шаруашылық торлы тоғандарда бекіре өсіруге маманданған. Кәсіпорын жылына 20 тонна балық пен 1 тонна қара уылдырық өндіреді.

Сондай-ақ, вице-министр «Абылай-хан» ЖШС мен «Амангелді атындағы» ЖШС зауыттарын аралады. Бұл кәсіпорындар балықты қайта өңдеумен және экспорттық әлеуеті жоғары өнім шығарумен айналысады.«Амангелді атындағы» ЖШС – өңірдегі ең ірі балық өңдеу зауыттарының бірі, онда тұрақты түрде 90-ға жуық адам, ал маусым кезінде 1,5 мыңға дейін жұмысшы еңбек етеді.Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 150 тонна балықты құрайды.

Ал,«Абылай-хан» ЖШС зауыты балық аулаудан бастап өңдеуге дейінгі толық циклмен жұмыс істейді. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 3 мың тоннаға дейін өнім шығару.

Сапар аясында вице-министр заманауи «А-Дана» балық шаруашылығы кешенінің құрылысымен де танысты. Бұл кәсіпорын тұйық су айналымы жүйесінде теңіз сибасын өсіруге маманданатын болады. Оны іске қосу ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған.Кешеннің жоспарланған қуаты – жылына 80 тонна балық және 15 миллион бекіре шабағы.

Жұмыс сапарының соңы Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген 7 шаруашылықтың 30-ға жуық балық өнімдері мен қолөнер бұйымдарын ұсынған арнайы жәрмеңкемен аяқталды.

Балық шаруашылығын жаңғырту жұмыстары агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерді орындау аясында жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы