Атырауда ​бекеттерді заңсыз кесіп өтпекші болғандар ұсталды​

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала толықтай оқшауланған бірінші тәулікте Атыраудан шығу жолдарында орналасқан бөгет бекеттерді заңсыз кесіп өтпекші болған алты оқиға анықталып отыр, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.​


Мәселен, 2 сәуірден 3 сәуірге қараған түні сағат 00.30 шамасында (яғни, қала толық оқшауланғаннан кейінгі алғашқы жарты сағаттың ішінде) полиция қызметкерлері қара жол арқылы Индер бағытына жаяу өтіп шығып, карантин аймағын тастап шықпақшы ​ болған ер адамды ұстады. ​ Оқиға Алмалы ауылындағы Атырау - Орал автожолы маңына жақын жерде тіркелді.​
Заң бұзушы 1986 жылы туған Өзбекстан елінің азаматы болып шықты. Ұсталған азаматқа қатысты ӘҚБтК 476-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, азамат сот қаулысымен бес тәулікке қамаққа алынды.​ Төтенше жағдай режимін бұзғандардың бес дерегі Қазақстан азаматтарына қатысты. Олар жеңіл автокөлік ​ арқылы карантин аумағынан шығып кетпек болған, - делінген ақпаратта.​

Тағы екі оқиға таңғы сағат 08.20-да тағы да Алмалы селосы маңынан тіркелді. Бөгет бекетінен тыс айналма қара жолдан ​ Toyota Camry көлігінің 1987 жылы туған жүргізушісі ұсталды.​ Бұдан басқа осы жолдан және Қара-өзек бөгет бекеті маңайындағы қара жол бойынан ​ көліктер тоқтатылды.​

Барлық деректер бойынша әкімшілік ​ хаттамалар толтырылып, материал сотқа берілді.​ Бұған дейін хабарланғанындай, карантин жариялануына байланысты Атырау қаласының кіру-шығу қақпасына төрт бөгет бекеттері орнатылды.​ 2 сәуір түнгі сағат 00.00-ден бастап карантин аумағына ​ азаматтар мен автокөліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілді.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы