Атырауда балық қырылып жатыр
Атырау қаласында тағы балық қырылып жатыр. Су маржандарының өлексесі Сарыөзек каналынан анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қырылған балықтың бейнежазбасын атыраулық журналист, белсенді Виктор Сутягин әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған.
Атырауда балық бірінші рет қырылып тұрған жоқ. Енді мұндай жағдай Сарыөзек каналынан да анықталды. Көктемде бұл өзен пен Соколок каналын тасқынға жауаптылар қалаға ағынды жібермеу үшін қолданған. Соның арқасында мол судың теңізге құйылатынына сендірді. Космостан түсірілген бейнежазба тарап, судың теңізге жетпей, далаға кетіп жатқаны байқалды. Енді жер-жерде су маржандарының қырылып жатқаны анықталып жатыр. Белсенділер осындай жағдай боларын ескертіп, су тасқыны басталғаннан бері шырылдаған еді,-дейді Виктор Сутягин.
Бейнежазба тарағанда ғана қимылдаған әкімдіктегілер, аумаққа жауапты мамандардың жіберілгенін айтты. Кейін комиссия құрылып, сынама алынған.
Осы жылдың 5-тамыз күні мынау Атырау қаласы Сарыөзек су айдынынан халық аузында Бес тал аталып кеткен маңнан балық қырылп қалған. Экология департаменті судың сынамасын алып, сараптама өткізді. Енді қазір комиссияның алдын ала болжамы бойынша судың деңгейі төмен түсіп кетуіне байланысты оттегі жетіспеуінен болды деген болжам жасадық. Сарыөзек каналына негізгі балық кірмейді. Ол осы көктемдегі ТЖД кезінде Жайық өзенінің суы тасып, осы Сарыөзекке кіріп, содан балық шабақтар кіріп, қалып қойған. Жергілікті атқарушы органдармен осы Атырау қаласы әкімдігімен балықтарды құтқару, өлекселерді санитарлық талаптарға сай жою жұмысы жүргізіледі,-деді Атырау облыстық табиғи ресурстар жане табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлы.