Атырауда балаларға қамқорлық жасалды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. 1- маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында, Атырау облыстық дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығының қызметкерлері отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесіп, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мұнда қазір 60-қа жуық бала тәрбиеленуде. Қонақтарға тәрбиеленушілер өлең оқып, ән арнады. Шара барысында Ақпараттық талдау орталығының ұжымы бүлдіршіндерге сыйлықтарын табыстап, жылы тілектерін білдірді. 

«Тәрбиеленіп жатқан балалардың барлығы да бақытты болуға лайықты. 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланған болатын. Жастар жылында игі шаралар өткізіп жатырмыз. Бұл да соның бірі. Балаларды қазірден мейірімділікке отансүйгіштікке, патриоттық сезіммен тәрбиелеп, болашақта еліміздің намысын қорғайтын ер азамат болып өсетіндеріне сенім білдіреміз»,- дейді  Атырау облыстық дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығының басшысы Мейірбек Құбышов.

Сонымен қатар өңірдегі ірі компаниялар мен еріктілер мұндағы тәрбиеленушілердің жазғы демалысын ұйымдастыруды мойындарына алып отыр. 30 бала Алматыға, Железноводскіге «Геолог-Қазақстан» пансионатында және Түркиядағы  балалар демалыс орталығына барып демалатын болады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы