Атырауда азық-түлік қоры жеткілікті – әкімдік
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында азық-түлік қоры жеткілікті. Облыс әкімдігі өкілдерінің сөзінше, атыраулықтарға алаңдайтын негіз жоқ. Қазір тұрақтандыру қоры мен кәсіпкерлердің қоймасында өңір халқына 35 күнге дейін жететін азық бар.
Облыс бойынша азық-түлік қоры 6800 тоннаға жуық. Олар тұрақтандыру қоры мен ірі сауда орындарындағы қоймаларда тұр. Оған қоса, көтерме сауда иелері көршілес елдерден де әкеліп жатыр. Жуықта көршілес Ресей елінің Астрахань қаласынан 120 тоннаға жуық әртүрлі тауар, сондай-ақ 69 тоннадан астам көкөніс, 60 тонна жеміс-жидектер әкелінді. Сонымен қатар, қалаға 22 күн ішінде 450 бас ірі-қара, 222 бас қой, 148 бас жылқы, 300-ден астам түйе кіргізілген. Олардың барлығы қаладағы мал сою пунктілерінде сойылып, сауда нүктелерінде сатылды. Қазір қалада 6 кәсіпкер ет өнімдерін үйіне дейін жеткізіп беру қызметін көрсетеді. Сондықтан біз қала тұрғындарын азық-түлікпен, ет өнімдерімен толық қамтып отырмыз деп айта аламыз, - дейді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, аймақта әкімдік тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, бағаны бақылауда ұстап отыр.
Қаладағы азық-түлік сататын сауда орындары мен дүкендерге мониторинг жасап отырмыз. 9 әлеуметтік тағам басты бақылауымызда. Бағаны көтерген кәсіпкерлерге нұсқамалар беріп, шекті бағада ұстауды қадағалап отырмыз, - дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Давлетов.
"Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басшылары да әлеуметтік тағамдар бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шара жасалып жатқанын айтты.
Нан бағасын тұрақты ұстау үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыстағы 9 наубайханаға төмен бағамен 1060 тонна бірінші сұрыпты ұн жеткізді. Қазір оларда әлі де 485 тонна ұн бар. Бұл екі айға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағаны өсірмеу үшін облыстағы ең ірі сауда орны "Идеал" ЖШС-не 400 млн теңге көлемінде несие беру туралы келісім жасап жатыр. Қарыздың жылдық өсімі 0,1% болады. Несие алған бизнес нысаны 15 түрлі әлеуметтік тағамның бағасын тұрақты ұстауы тиіс. "Идеал" ЖШС-нің Атырау облысы бойынша 36 ірі сауда орталығы бар. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорына жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіретін кәсіпкерлерден 500 тонна картоп, 150 тонна жуа, 150 тонна қырыққабат, 150 тонна сәбіз сатып алмақшымыз, - дейді "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ директоры Дмитрий Дю.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Келесі жеңіс дәрігерлердің қолында – Айдын Рахымбаев
Келесі жаңалық
Шымкентте жыл соңына дейін 9 мектеп құрылысы аяқталу керек
Өзгелердің жаңалығы