Атырауда әжелер жастарға құрақ құрауды үйретті
Атырауда ақ жаулықты әжелер жастарға құрақ құраудың қыр-сырын үйретті, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ұйымдастырған шеберлік сағатына қаладағы оқу орындарының студенттері қатысты. Қариялар оларға тігіншіліктің ғана емес, қолөнердің де маңызын түсіндірді. Қалампыр Құлмұратова биыл 75-ке келген ақжаулықты әже. Білгенін жастарға насихаттаудан жалыққан емес. Үйіндегі 5 келінін де тігіншілікке үйреткен. Құрақ құрау – тек шеберлікті ғана емес, сабырлықты да шыңдайтын өнер екенін айтады. Халқымыз үшін оның мән-маңызы да жоғары.
Екі жас қосылған уақытта тату тәтті өмір сүрсін, құралып кетсін, бала-шағалы болсын деген мағынада құраймыз. Сосын бізде қазақтың салт-жәстүрі бар. Балалы болмай жүрген адамдардың үйіне сондай құрақ көрме, көпшік жасап апарамыз. Құралып кетсін, балалы боп кетсін дегендей. Енді бұл балаларға өнеге үйренеді осындай құрақтарды құрап. Қызды ұзатқанда екі кісілік көпшік береміз. Көпшік бергенде қасына осындай құрақтап береміз, - дейді қала тұрғыны Қалампыр Құлмұратова.
Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен шеберлік сағатына қаладағы оқу орындарының студенттері қатысты. Гүлсезім Жұмағұл қазір колледжде тігінші мамандығын меңгеріп жүр. Бүгінгі іс-шарада әжелердің ақыл-кеңесін тыңдап, мол тәжірибе алғанын айтады.
Тігінші мамандығында 1-курста оқимын. Бұл мамандыққа түскен себебім өзім кішкентай кезімнен сурет салғанды ұнатамын. Алдағы уақытта дизайнер болғым келеді. Мен өзімнің жеке бизнесімді ашқым келеді киімді сататын және киімді өзі тігіп, өндіретін, - дейді студент Гүлсезім Жұмағұл.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, қолөнерге баулуда ақжаулықты әжелердің берері мол.