Атырауда Antikor ortalyǵy ашылды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің Antikor ortalyǵy сервистік орталығын ашты, деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Antikor ortalyǵy- мемлекеттік органдардың азаматтарға ашықтығын, қолжетімділігін арттыруға бағытталған қадамның бірі. Орталықта азаматтар өздерін мазалаған мәселелер бойынша құқықтық көмек пен кеңес алады. Жаңа нысан азаматтық бастамалардың диалог алаңына айналады.  

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов кез келген өркениетті және құқықтық мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес маңызды мәселе екенін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық уақытпен бірге біте қайнасып, тамырын тереңге жайып, экономика мен қоғамның әртүрлі салаларында бой көрсетіп отыр және бұл қоғам дерті әлі күнге түбегейлі жойылмады.  

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды, елдің басты қағидасы - заңның сақталуына кері әсер етеді. Жемқорлық деректерімен емес, себептерімен күресте облыстағы мемлекеттік органдар бірнеше қоғамдық бастамаларды енгізіп, іске асыруда. Атырау облысы әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті арасында келісімге қол қойылып, 2018 жылы желтоқсанда "Атырау – Адалдық Алаңы" жобалық кеңсесі ашылды,- деді облыс  әкімі. 
 

Кеңсенің мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімін арттыру.  

Кеңсе тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Жыл басынан бері 205 шара ұйымдастырылды(кездесулер, мониторинг, дөңгелек үстел, брейн-ринг, флешмоб, т.б). 

Аймақ басшысының айтуынша, жемқорлықпен күресті жеке-дара қарастыруға болмайды. Сондықтан, пара алу мен беруді болдырмас үшін тұтас қоғам болып жұмылу керек.​ 

"Атырау – Адалдық Алаңы" жобалық кеңсесінде аймақта бірқатар шара атқарылды. Азаматтарда адалдық мәдениетін қалыптастыру үшін арнайы мониторингтік топтардың құрылуы тиімділігін көрсетті. Жоба аясында инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен 171,1 млрд теңгенің 13 келісіміне қол қойылды.
"Саналы Ұрпақ" жобасы аясында 3 жоғары, 20 арнайы оқу орнында жобалық кеңсе мен адалдық дүкені ашылды. 165 мектепте адалдық дүкені ашылды. "Адал Ұрпақ" еріктілер клубы құрылды, оның құрамында ЖОО мен колледждердің 345 студенті бар. Сондай-ақ, елімізде алғаш рет "Атырау-Адалдық  Алаңы" жобалық кеңсесі аясында "Кітап - адалдық кілті" жобасы жұмысын бастады."Ашық бюджеттің интерактивті картасы"  жобасы шеңберінде "Паблик бюджет" сайтына облыстағы 604 мемлекеттік орган мен мекеме енгізілді, оның 353-і бюджетін жариялады. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы  Алик Шпекбаев облыс әкіміне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, адалдық, әділдік пен сенім сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі басымдықтар екенін атап өтті. 

Біз ашық, кәсіби, тиімді орган болып, азаматтар мен азаматтық институттарды сыбайлас жемқорлықтан қорғау үшін жұмыс істейміз, - деді Алик Шпекбаев. 
 

Шпекбаев атап өткендей, бұл жоба азаматтарға құқықтық көмек пен кеңес беруде ашық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.  
 

Аймақта орасан зор жұмыс істелгенін көріп отырмыз. Мемлекеттік саясат азаматтарға қажет қызметтерді алуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді А.Шпекбаев.
 

Кездесу соңында Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің 10 қызметкеріне жаңа пәтер кілтін табыстады. 
 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы