Атырауда алимент қарызы бар азаматтар үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11 желтоқсан күні "НұрОтан" қалалық ғимаратында  алимент қарызы бар борышкерлер үшін 5-бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Осы жылдың тамыз айында өткен алиментті өндіру мәселелері жөніндегі жиында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді тексеруді қатаң қадағалау керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ, бұл мәселе мүдделі мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде ғана төмендейтіндігін  ескертті.

Қазіргі таңда облыстық жеке сот орындаушыларының қарауында  жеті мыңға жуық адамнан алимент өндіріп алуға қатысты құжаттар бар. Қарыздардың төленбеуінің бірден-бір себебі – жұмыссыздық. Осы мақсатта өткізілген шараға кадр тапшылығы бар 10-нан аса мекеме өкілі қатысты. Олар жәрмеңкеге шақырылған  борышкерлердің  жұмыс тәжірбиесімен танысып, бетпе-бет сөйлесті. Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Күләндә  Қыстаубаеваның айтуынша,  жыл басынан бері "бос орындар жәрмеңкесі" нәтижесінде 26 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Осы жылдың тамыз айында Атырау облысы әкімдігі  әділет министрлігімен  біріккен меморандумына қол қойылған болатын. Мақсат – алимент борышкерлерін қаржылық өндірістер бойынша жұмыспен қамту. Осы бойынша күні бүгінге дейін 4 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 26 борышкер тұрақты жұмысқа орналасты. 8 борышкер әртүрлі оқу орындарына жолдама алып, қалғандары жұмыспен қамту орталығына тіркелді, - дейді Күләндә Қыстаубаева. 
Сонымен қатар,  жәрмеңке шеңберінде арнайы білімі жоқ борышкерлер оқу орталықтарына жіберіледі. Бүгінде облыс көлемінде "Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021  жылдарға арналған" бағдарламасы аясында  екі мыңнан астам адам арнайы оқу орындарында білім алуда. Оқу аяқталған соң, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде назардан тыс қалмаған. Мәселен, қазіргі таңда  оқуын аяқтаған 1300-ге жуық адамның тұрақты жұмысы бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы