Атырауда қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кешен 7 түрлі қалдықты сұрыптайды, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Кешеннің ашылуына табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан және қала әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қатысып,  жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысты.  

«Қазіргі таңда қала тұрғындарының ыңғайлылығы үшін  тұрмыстық қалдықтарды түріне қарай бөліп жинақтайтын  қоқыс жәшіктері орнатылуда.  Бұл  қалдықтарды сұрыптау жұмысына да оң ықпал етеді. Мұның барлығы  экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді.  Алайда, әр игі істің бастамашысы сіздер мен біздер. Сол себепті қала тазалығының сақталуына бірігіп атсалысайық»,-  деді қала әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.

«Арнаулы автобаза» ЖШС - нің мәліметінше, қаладан  тәулігіне 250 – 300 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. 

«Кешен жеке инвестор есебінен Белоруссиядағы «Сифания - Экотехника» компаниясынан сатып алынды. Сатып алынған жабдықтар жылына 100 мың тонна  қатты муниципалдық қалдықты сұрыптауға  арналған. Мұнда әзірге 35 адам жұмыспен қамтылған», - дейді «Арнаулы автобаза» ЖШС директорының міндетін атқарушы Алмас Ізтілеуов.  

Кешенге әкелінген қоқыс бункерге түсіріліп, содан кейін көлбеу конвейер арқылы кабинаның ішіндегі сұрыптау тасбасына тікелей түседі. Сол жерде қалдықтардан пайдалы заттар – қайталама полимер, пластик бөтелкелер, макулатуралар, тоқыма өнімдері, металл сынықтары, шыны және сынған әйнектер сұрыпталады. Таспалы конвейер ұзын бойы сұрыпталған қоқысқа арналған контейнер ыдыстармен жарақталған. Жанбайтын органикалық фракциялар бұрынғыша жойылатын болады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы