Атырауда алаяқ әйелдің әрекеті әшкере болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржылық қиындықтарға тап болған азаматша өз проблемасын біреудің қайғысын пайдаланып шешуге тырысқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқ Instagram әлеуметтік желісінде «церебралды сал ауруымен» ауыратын үш жастағы сәбиді емдеуге қаражат жинау туралы беріліп, кейін алып тастаған хабарландыруды көріп, арам ойын іске асырған.Алдымен аталған азаматша әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашып, науқас баланың фотосуретін және өзінің банктік деректемелерін көрсете отырып, көмек сұраған жазбасын жариялаған.
Жалған хабарландыруды кездейсоқ көріп қалған баланың анасы полицияға арызданған. Қалалық полиция басқармасының №1 полиция бөлімінің қызметкерлері науқас баланың анасының арызы бойынша хабарландыру авторы болып табылатын Атырау қаласының 28 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Алаяқтың айтуынша, ол өзінің 40 мың теңге көлеміндегі қарызын өтеу үшін осындай қадамға барған.
16-23 қараша аралығында оның есеп шотына балаға көмек қолын созған азаматтардан 200 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі сомалардан жиналған 37 мың теңге ақша түскені анықталды.
Тергеу барысында күдікті азаматша аталған соманы өзіне кешірім берген баланың анасына қайтарды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.