28 Шілде 2026, 20:29 Фото: «Әділет» партиясы

Атырауда «Әділет» өңірлерді дамытуға арналған 2030 жылға дейінгі жоспарларын таныстырды

Атырауда өткен кездесуде партия инженерлік желілерді жаңғырту, жолдарды жөндеу және жастарды қолдау жөніндегі ұсыныстарын ұсынды.

«Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Атырау облысындағы өңірлік кездесулерін жалғастырды. Партия өкілдері жастар мен өңір тұрғындарына «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бастамаларын таныстырды.

Жастармен кездесуге партия төрағасы Айбек Дәдебай, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ирина Тен, Нұрбек Матжани, Гүлісхан Нахбаева, Рауан Кенжеханұлы, Әлия Адамбаева және Елдар Жұмағазиев қатысты. Кездесуде білім беру жүйесін цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, креативті экономиканы дамыту, инклюзив білім беру, волонтерлік қозғалысты қолдау және жастардың кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, партия білім берудің барлық деңгейінде жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларын енгізіп, білім бағдарламаларын цифрлық экономиканың талаптарына бейімдеуді ұсынады.

Ирина Тен волонтерлерді қолдау шараларын күшейтуді ұсынып, олардың қоғамдық қызметін жоғары оқу орындарына түсу мен мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде ескеруді, сондай-ақ мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуді қолдайтынын айтты.

Кездесудің негізгі бөлігі Атырау қаласындағы көрме орталығында өтті. Онда өңірдің тұрақты дамуы, ауылдық аумақтарды қолдау, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту мәселелері көтерілді.

2030 жылға дейін ел бойынша 86 мың шақырым инженерлік желі салынып, жаңғыртылып, олардың тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр, - деді Айбек Дәдебай.

Партия сондай-ақ 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізуді, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мен Каспий көлік-логистикалық хабын нығайтуды көздейді.

Кездесуде экология мәселелері де талқыланды. Партия «Таза Қазақстан» бастамасын қолдап, ауаның ластануын азайту, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту және өнеркәсіптік экологиялық бақылауды күшейтуге басымдық беретінін мәлімдеді.

Өңір тұрғындары жол және коммуналдық инфрақұрылым, интернет сапасы, медицина, экологиялық қауіпсіздік, мәдени мұраны сақтау және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелерін көтерді. Сапар Open Air форматындағы концерт және жарық дрон шоуымен аяқталды.