Атырауда 9 айда 186 қылмыс ашылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы болып өтті,  деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Жиында балалар үйлері, балалар интернаттары түлектерінің әлеуметтік жағдайы, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және алдын алу мақсатында орнатылған бейнебақылау камераларының тиімділігі, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес проблемалары және оларды шешу жолдары, автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын кешенді күзгі тексеру  жағдайы қозғалды. 

Шарада сөз алған Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев биылғы жылдың 9 айында 759 сырты бақылау камералары арқылы 186 қылмыс ашылғандығын жеткізді. 

Сондай-ақ, жол жүру қағидаларын бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін «Сергек» аппаратық-бағдарламалық кешенінің 1224 камерасы қала аумағындағы автокөлік жолдарының 153 желілік учаскелеріне және 51 реттелетін көше қиылысына орнатылған. 

«Сергек» бейнебақылау камералары арқылы жолда жүру ережелерінің бұзылуы пошта байланысы және СМС хабарламалары арқылы көлік иелеріне жеткізілетіні, 7 күн ішінде айыппұлды төлеуші көрсетілген соманың 50 пайызын төлеуге мүмкіндік алатыны айтылды. 10-қыркүйекте іске қосылған құрылғының көмегімен күні бүгінге 6006 жол жүру қағидаларын бұзған құқық бұзушылықтар анықталып, 42 млн теңгеден астам көлемінде айыппұл салынып, 8 млн 590 мың теңгесі өндірілген. 

Сонымен қатар, интернет арқылы жасалатын қылмыс тұрлері былтырғыға қарағанда 31 пайызға өскен. Интернет алаяқтық қылмыстық төрттен бірін құрап отыр. 

Отырыста жоғары маңызға ие болған тақырыптың бірі  - автокөлік жолдарына қатысты өрбіді, өйткені көлік қозғалысының артында адам өмірі тұр. Айта кетсек, облыстық маңызы бар автокөлік жолының жалпы ұзындығы 838 шақырымды құрайды.

Полиция департаментінің мәліметінше ағымдағы жылдың 9 ай ішінде облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында 15 жол көлік оқиғасы болып,  5 адам қаза тауып, 12 адам әр-түрлі дене жарақатын алған.

Атырау қаласы аумағында былтыр 136, биылғы тоғыз айда  87 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының азаюына елімізде жарияланған пандемия ықпал еткен. Сонымен қатар, жолдардың кеңейтілуі, көшелердің жарықтандырылуы мен бағдаршам құралдарының орнатылуы да өз септігін тигізді,- дейді Қамза Үмбетқалиев. 

Жиын соңында әрбір азаматтың қауіпсіздігі маңызды екеніне тоқталған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов тиісті органдарға қауіпсіздікті арттыруды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы