Атырауда 830 гектар жерді шарпыған қамыс өрті әлі өшірілген жоқ

Атыраулық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қамыс өртімен күресіп әлек. 3 күн өтсе де, қызыл жалын әлі толық ауыздықталмаған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаладағы түтінді көріп, өрт ошағын белгілеуге аттанған төтеншеліктер, қызыл жалынның Каспий теңізінің жағасында жанып жатқанын анықтады. 7 шілде күні тікұшақпен барлау жүргізген мамандар өрттің жалпы ошағы 5 гектар екенін хабарлады. Отты сөндіруге тікұшақ жұмылдырылса да, 8 шілде күні оның аумағы 20 гектарға жетті.

8 шілде күні өртті сөндіру үшін, Қызылорда қаласынан СТҚ-5 су төгетін арнайы құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын тарту жоспарлануда. Сонымен қатар ошақ айналасындағы жерді жырту үшін, соқасы бар техника тартылаьын болады. Қамыс өртін сөндіруге аумақтың сулы және батпақты болғандығы кедергі келтіріп, қиындық туғызып жатыр,-деді Облыстық тжд бастығы А.Ержанов.

15 техника, 4 мотопомпа және тікұшақтан бөлек, қызыл жалынды ауыздықтауға департаменттің 100 –ге жуық қызметкері жұмылдырылған. Қамыс өртінің жалпы аумағы 9 шілде күні 830 гектарға жетті. Оның 28 гектары қазір әлі лаулап жатыр. Төтеншеліктер кешеден бері әуеден 68 рет су төгу жұмыстарын жүргізді. Барлығы 204 тонна су төгіліпті. Қызыл жалынмен күрес жалғасуда. Төтеншеліктер ешқандай елдімекендерге қауіп жоқ екенін айтты. 

Еске салсақ, жаз басынан бері мұнайлы өңірде қамыс өрті бірнеше мәрте тұтанды. Жергілікті жұрт тіпті қаланы басқан көк түтінге тұншыққан еді. Бірақ қамыс өртінің алдын алу жауапты департаменттегілердің қолынан келмей тұр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы