Атырауда 5 мамандандырылған сот жаңа ғимаратқа көшті
Атырауда мамандандырылған соттардың жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рәсімге Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, облыс әкімі Серік Шәпкенов, облыстық соттың төрағасы Мұхтар Парменов және басқалар қатысты.
4 қабатты жаңа ғимараттың ауданы 9 мың ш.м. Онда 5 сот: әкімшілік, қылмыстық, тергеу, кәмелетке толмағандар істері және әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі соттар орналасады. Ғимаратта 17 сот залы бар, оның екеуі алқабилердің қатысуымен өтетін процестерге арналып жабдықталған. Бұрын бұл соттар апатты, тар және жарамсыз үй-жайларда орналасқан болатын.
Осы туралы айта келе, Асланбек Мерғалиев жаңа ғимараттың сәулеттік-эстетикалық келбетін, оның сот төрелігі стандарттарына сәйкестігін, заманауи қауіпсіздік жүйесімен және жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, бұл процеске қатысушыларға қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.
Рәсімге қатысушылар мәжіліс залын, сот залдарын, судьялар кабинетін және басқа да үй-жайларды аралап көрді. Сол күні Жоғарғы Сот төрағасы мен Сот әкімшілігінің басшысы облыстық сот корпусымен кездесті. Оның барысында облыстық сот алқаларының төрағалары Тәтті Уәлиева, Мәтен Ерғазиев және Анаргүл Салихова, сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Мұхтар Парменов өз жұмыстары туралы айтты. Жоғарғы Сот Төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шараларға, азаматтарға ілтипатпен қарауға, мемлекеттік қызметшілердің әдепті сақтауына тоқталып, сот жүйесінің басым бағыттары туралы хабардар етті.
Қоғам бізден әділ және бейтарап сот төрелігін күтеді. Соттарда адамдар ақиқат пен қорған таба алатын әділет сарайына кіргенін табалдырықтан сезінуі керек, - деді ол.
Соңында Асланбек Мерғалиев облыстық соттың отставкадағы судьялары Гүлнәр Қарабалина мен Әділ Құспановты «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттады.